«Прокурор–домофон». Енді сіз бір түймені басу арқылы, кезекші прокурордың қабылдауында бола аласыз. Бұл сізге уақытыңызды үнемдеп, мәселеңізді сапалы әрі жедел түрде шешуге мүмкіндік береді. Яғни құзырлы органдардың көмегіне жүгінген кез-келген азаматтың мәселесі созбалаңға созылып, жауапсыз қалмасы анық. Аталған құрылғыны Абай ауданы прокуратурасы ойлап тапқан. Жаңа технологияның орнатылғанына небәрі апта өтпей жатып, түймені басқан 36 тұлғаның мәселесі толықтай шешімін тауыпты. Мұндағы басты мақсат та осы, аталған мекеме мамандарының сырттағы тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, тергеуші тарапынан кететін құқықбұзушылыққа жол бермеу. Айта өту керек, «Прокурор-домофон» облыс бойынша алғашқы болып Абай ауданында жүзеге асып отыр. Енді мол мүмкіндіктерге жол ашқан құрылғы, өңірдің барлық аудан мен қалаларында орнатылуға ұсыныс берілген.
Айзада Бидан