Үкімет үйінде энергетика мен жаңғыртылмалы энергия көздерін дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Салтанатты шара барысында «Еуразия», «Астана ЭКСПО-2017» жел электр станциясының құрылысы», «Күн электр станциясының құрылысы» жобаларын іске асыру бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы, сондай-ақ жаңғыртылмалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Қол қоюға ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев, ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы А. Надырбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ президенті С. Мыңбаев, «Аджип Каспиан СИ» атқарушы вице-президенті Л. Виньятти, «РН-Эксплорэйшн» бас директоры А. Овчаренко, CNPC International Kazakhstan бас директоры Б. Дежи, NEOS Geosolutions президенті Д. Фейман, SOCAR геология және геофизика жөніндегі вице-президенті Б. Гусейнов, «ЭНИ Интернэшнл Би. Ви.» энергетикалық шешімдер департаментінің атқарушы вице-президенті Л. Козентино, GE Oil&Gas президенті және бас атқарушы директоры Л. Симонелли, Қазақстан бойынша Еуропа қайта құру және даму банкінің директоры А. Прейманис, «ЦАТЭК Green Energy» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы С. Кан, «ҚДБ» АҚ басқарма төрағасының м. а. Д. Бабичев, «ҚДБ-Лизинг» АҚ басқарма төрағасының м. а. Р. Гаппаров, United Green («Байқоңыр Солар» ЖШС) басқарушы директоры А. Фришеншлягер қатысты.
Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Тоталь» компаниясының басшылығымен алдағы ынтымақтастық келешегін талқылады.
Кездесу барысында «Тоталь» компаниясының Солтүстік Каспий жобасын іске асыру және Қашаған кен орнын пайдалану кезінде өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Бұдан өзге, алдағы ынтымақтастық келешегі, соның ішінде алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге және «Жаңғырту 3.0» аясында Қазақстан аумағында жаңа өндірістерді ұйымдастыруға ықпал ететін бірлескен компанияларды құру мәселелері қаралды.
Шетел инвесторлары кеңесінің 30-шы отырысы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев CNPC бірінші вице-президенті, «PetroChina Company Limited» президенті Ван Дунцзиньмен де кездесті.
Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру барысын талқылады, оның ішінде Шымкент МӨЗ-ын жаңғырту және «Еуразия» жобасы, сондай-ақ елдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары бар.
Дереккөз: naryk.kz