Бүгін елордадағы «Қазмедиа» орталығында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халықпен есептік кездесу өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осыдан бір жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылып, оның алдына бірқатар міндеттер қойылғаны белгілі. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жаңа ведомствоға ақпараттық кеңістікті нығайту мен отандық масс-медианың деңгейін көтеруді, мемлекеттік ақпараттық саясат пен мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруды, сонымен қатар цифрландыруды алға жылжытып, байланыс сапасын жақсартуды тапсырды», — деді кездесу барысында баяндама жасаған министр.
Оның айтуынша, өз кезегінде министрлік осы мақсат-міндеттер бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқандығын баса айтты.
«Министрлік отандық ақпарат құралдарының халық үшін тартымдылығын арттыру жұмысын да жүйелі жүргізуде. Соның ішінде мемлекеттік телеарналар бойынша үлкен шаралар жүзеге асып, телеөнімдердің сапасы артты. Атап айтқанда, «Kazakh TV» мен «Білім және мәдениет» телеарналары «Kazakh TV» атауымен біріктірілді. Телеарна контентінің елдегі және шетелдегі көрермендердің қызығушылығына сай келуіне мүмкіндік берілді. Форматы өзгеріп, жаңа арнаға айналған «Хабар 24», бүгінгі күні маңызды ақпараттарды қалың көрерменге жедел әрі сапалы жеткізуде. «Қазақстан», «Хабар» телеарналарында да мазмұнды өзгертулер жүргізіліп, телеарналар талдау форматына көшті. Осы жылдың наруыз айында алтын қорымыздағы отандық фильмдерді көрсететін «Ел арна» атты жаңа арна іске қосылды. Телеарналарымызға халықтың қызығушылығы бұрынғыдан қарағанда арта түсуде. Өткен жылы «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналары 16 сериал түсірді, олардың арасында «Әке», «Анаға іңкәр жүрек», «Ақылдың кілті» сияқты сәтті жобалар бар. Бірқатар отандық сериалды көрші мемлекеттер де тамашалауда. Биылғы жылдан бастап «Отау ТВ» спутниктік оператордың пакетіне «Қазақстан» және «Қазспорт» телеарналары НD форматында көрсете бастады», — деді Дәурен Абаев.
Дереккөз: inform.kz