2016 жылы мемлекет әлеуметтік салаға 4 трлн теңге бөлген. Алайда осы жылы мемлекеттік сатып алуда 13,7 млрд теңгенің заң бұзушылықтары анықталды. Алдағы уақытта бюджет қаражатының тиімділігін арттыру мен заң бұзушылықтардың сомасын азайту мақсатында бюджет заңнамасы жетілдіріледі. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«2016 жылға арналған бюджеттің атқарылуы жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы экономиканы жандандыруға бағытталды. Экономиканың өсуі 1%-ды құрады. Ол көлік саласында көрсетілетін қызметтердің көлемінің өсуі әрі ауыл шаруашылығында, тұрғын үй құрылысында, өнім шығарудың ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді», — деді ол.
Осы орайда Қаржы министрі өткен жылы мемлекеттік бюджетке қанша қаржы түскенін айтты.
«Бюджеттің кірісі 7,7 трлн теңгеге жетті. Бұл 2015 жылдың көрсеткіштерінен 1,5 трлн теңгеге көп. Оның 30%-ы трансферттерге тиесілі. Бюджет кірістері Ұлттық қордан тартылатын трансферттер мен әлемдік шикізат нарығы конъюнктурасының өзгеруіне тәуелділігі екендігі айтылған болатын. Оған қатысты сіздердің айтқан ескертулеріңіз орынды», — деді басшы.
Бақыт Сұлтановтың айтуынша, аталмыш мәселені шешу үшін алдағы уақытта елдегі кәсіпкерлікті дамытуға тиісті жағдай жасалады.
«Сондықтан экономиканың өсуі мен әрі қарай дамуы үшін біраз шара жоспарланып отыр. Бұл жоспардың нәтижелі болуы үшін біз бизнеске қолайлы жағдай жасап, салық түсімдерінің жоғары қайтарылымын сақтап қалуымыз керек», — деді ол.
Кейін ведомство басшысы мемлекеттің шығыстарына да тоқталды.
«Шығыс шықпай, кіріс кірмейді деген мәтел бар. Бұл ретте жұмысымыз салықтық түсімдерді ұлғайту мен бизнеске әкімшілік қысымдарды азайту аясында өтеді. Мәселен, осы жылы салық тексерістерін біз 37,5%-ға қысқартамыз. Бұдан басқа жаңа Салық кодексі жобасында осы тексерістерге себеп болатын негіздемелердің 56%-ы алынып тасталады. Сонымен, қазіргі 32 норманың 14-і ғана қалатын болады.
Шығыстар 98,3% атқарылып, 1 трлн.338 млрд.теңгеге өсуімен игерілді.Бүкіл шығыстардың жартысынан астамы, яғни 4 трлн теңге әлеуметтік салаға жіберілді. 4 млн 980 мың адамға бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы төленді. Бюджет қаражатының игерілуін қадағалауда жаңа механизм – камералдық бақылау енгізілді», — деді ол.
Осы орайда ведомство басшысы елімізде әлі күнге дейін мемлекеттік сатып алуда заңның жиі бұзылатынын алға тартты.
«Өткен жылы мемлекеттік сатып алуда 13,7 млрд теңгенің заң бұзушылықтары анықталды. Оны тексеру объектілері дер кезінде өздері түзетті. Заң бұзушылықтарды төмендету үшін бюджеттің атқарылуы кезінде превентивтік шараларды қолдануды күшейтеміз. Бюджет қаражатының тиімділігін арттыру, қаржының игерілмеуі мен заң бұзушылықтардың сомасын азайту бюджет заңнамасын жетілдіру жұмысының басты мақсаттары», — деп түйіндеді сөзін Бақыт Сұлтанов.
Дереккөз: Baq.kz