Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов еліміздегі проблемалық несиелердің мәселесі қалай шешілетіндігіне тоқталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қазіргі таңда қор (проблемалық кредиттер қоры – автор) Ұлттық банктен Үкіметтегі қаржы министрінің басқарылуына берілді. Үкімет тиісті қаулы қабылдады. Осы жылдың ақпанында бюджет көлемін нақтылау үшін үкімет тарапынан капиталдандыру жүргізу туралы шешім қабылданды. Ал осыған дейін капиталдандыруды Ұлттық банк жүргізді. Ал қазіргі таңда активтердің тізімін анықтау мақсатында жұмыс жүргізілуде. Кейін активтер проблемалық банктерден проблемалық кредиттер қорына жіберіледі», — деді ол.
Осы мәселеге байланысты министр кейбір деректерге тоқталды. Сонымен қатар, ведомство басшысы қарыз алушылардың жағдайын жеңілдету үшін тиісті жұмыстар жасалып жатқанын алға тартты.
«Бұл жерде мәселе Казкоммерцбанктың БТА банк бірігуі кезінде активтер мен тағы да бірқатар құқықтық талаптарға байланысты. Қазіргі таңда құқықтық талаптар мен активтерге заңдық бағалау жүргізілуде. Кейін қор нақты мотивтер бойынша жұмыс істейді. Біз қарыз алушылардың жағдайын жеңілдету үшін тиісті жұмыстар жүргіземіз. Бұл кредиттердің құрылымын өзгерту, стратегиялық инвесторларды іздеу мен тағы басқа шаралар. Жұмыстың бір бөлігі активтерді сатуға бағытталады. Мұны біз жекешелендіру аясында ашық түрде жүргіземіз», — деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, Бақыт Сұлтанов проблемалық кредиттер қорының алдағы уақытта қандай жұмыстар жүргізетіндігіне тоқталды.
«Қор негізінде өзінің классикалық функциясын атқарады. Яғни ол екінші деңгейлі банктермен жұмыс істейді. Қор күрделі проблема тудырып, жұмыс істемей тұрған несиелерді өзіне алады немесе абсорбциялау жүргізеді. Негізінде дисконт активтерді сатып аламыз. Мұндай жұмысты активтерден түскен қаржы негізінде жүргіземіз. Ол үшін заңға өзгерістер енгізу қажет. Бұл құжатты біз күзге дейін әзірлейміз», — деді қаржы министрі.
Сонымен қатар ол ипотекалық қарызы бар азаматтардың мәселесі де назардан тыс қалмайтындығын жеткізді.
«Кезінде Ұлттық банктің алдына проблемалы қарыз алушылардың мәселесін шешу міндеті қойылған болатын. Бұл міндет Ұлттық банк тарапынан орындалды. Тиісті қаржы проблемалық кредиттер қорына капиталдандырылды. Қор Ұлттық банктің құрамында болған кезде осы мәселеге қатысты тиісті жұмыстар жүргізілді. Сондықтан тиісті міндеттемелер өз қалпында қалады», — деп түйіндеді сөзін Бақыт Сұлтанов.
Дереккөз: Baq.kz