Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаев ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатымен мелициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды — деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәліметі бойынша, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың Бірыңғай перспективалық жоспарын әзірлеп жатыр.
Медициналық ұйымдардың желісі Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың Бірыңғай перспективалық жоспары негізінде жүйеленеді. Алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, медициналық ұйымдардың менеджментін жақсарту, инвестициялар тарту және жеке сектордың үлесін ұлғайту, денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен экономикалық тиімділігін арттыру көзделген.
Отырыста Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі А. Браун, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Дж. Капаннелли, сондай-ақ Алматы облысының әкімі А. Баталов аталған бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндамаларымен таныстырды.
Мәселені қарастырудың қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен денсаулық сақтау нысандарының желісін жоспарлау жұмыстарын қосымша пысықтап, мұндайда өңірлердің ерекшеліктерін, халық санын, ауру-сырқаулар құрылымы мен саланы дамытудың басымдықтарын ескеруді тапсырды.
Ведомствоға уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жеке медицинаны дамыту бойынша жұмыстарды жандандыру, медициналық мекемелердің құрылыс жұмыстарына қатысты санитарлық нормалар мен ережелерді жеңілдету, денсаулық сақтау саласын реттеусіздендіру шараларын қабылдау тапсырылды. Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту аясында денсаулық сақтау нысандарының құрылысына арналған типтік жобаларды құру мәселелерін пысықтау тапсырылды.