Бүгін ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев алдағы уақытта отандық банк секторын сауықтыру үшін арнайы бағдарламаға жасалғандығын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Біз банк активтерінің сапасына бағалау жүргіземіз. Мақсат –банктердегі шынайы жағдайды білу. Әлбетте, олардың есебімен салыстырғанда жағдай анағұрлым нашар болуы мүмкін. Салдарынан банк акционерлері үшін капиталға айтарлықтай ақша салу мәселесі туындайды. Қазіргі таңда Ұлттық банк экономикаға акцинонерлер мен басқа да банк иелерінің бір жолғы бөлетін сомасы жеткіліксіз екендігін түсінеді», — деді ол.
Осы ретте Ұлттық банк төрағасы аталмыш жұмыс қалай жүргізілетіндігін түсіндіруге тырысты.
«Ұлттық банк банк секторын сауықтыру бағдарламасын дайындады. Ұлттық банк тарапынан тиісті ресурстарды бөлу негізінде бұл банктерге қолдау көрсетіледі. Алайда бұған пропорционалды түрде акционерлер де міндетті түрде қатысуы керек. Яғни мемлекет ақша берсе, акционерлер нақты белгілі бір уақыт ішінде пропорционалды соманы капитал түрінде салуы қажет. Алайда қазіргі таңда бұл сұрақ бойынша талқылаулар жүргізіліп жатыр», — деді ол.
Кейін Ақышев аталмыш бағдарлама банк секторының жұмысына септігін тигізетіндігін алға тартты.
«Бұл алдағы бірнеше жылда банктерге капитал түсімі айтарлықтай өседі деген сөз. Біріншіден, олар тиісті проблемаларды шеше алады әрі жиналып қалған қарыздар алынып тасталады. Яғни олар көрсетпеген кейбір шығындар ескеріледі. Сондай-ақ, біз бұл мәселені тезірек шешуді ойлап отырмыз. Жыл соңына дейін аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», — деді басшы.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, жоғарыда көрсетілген талаптарды орындаған банктер халықаралық талаптарға жауап береді. Ал бұл қаржы секторының дамуына септігін тигізеді.
«Өз шығындарын мойындаған және капиталмен қамтамасыз етілген банктер барлық халықаралық критерийге жауап береді. Осыдан кейін біз банктердің қаржылық жағдайы жақсарып, олардың рейтингтері өседі деген сенімдеміз», — деп түйіндеді сөзін Данияр Ақышев.
Дереккөз: Baq.kz
Фото: informburo.kz