Астана экономикалық форумы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған «Бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің артуына жаңа мүмкіндіктер» атты панельді сессияда мезгіл мәселесіне айналған маңызды сұрақтар күн тәртібіне қойылды.
Басқосу барысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның басқарма төрағасы Ерболат Досаев Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі еліміздегі ипотека нарығының 67%-ын құрап отырғанын мәлімдеді.
«Бүгінгі күнгі ипотека нарығы жайында сөз қозғайтын болсақ, онда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі елдегі ипотека нарығының 67%-ын құрап отырғанын атап көрсетуіміз керек. Бұл – өте жақсы көрсеткіш және «Бәйтеректің» жұмыс қорытындысы. Алайда мұнда нарық үшін сын-қатер бар. Біз бұл бағыттағы өз үлесімізді айтарлықтай төмендетуге тиіспіз. Үлестің басым бөлігінің өсімі өткен жылы біздің көп қаржы салғанымыздан болып отырған жоқ. Қаржы орталықтары ретіндегі жеке сектор қаржыны экономикаға біз күткендей бағыттамай жүр», – деді Ерболат Досаев.
Оның пікірінше, ұзақ мерзімді әрі арзан несие бизнес үшін бүгін де, ертең де, болашақта да табыстың ең негізгі факторы болады.
«Қазіргі уақытта квазимемлекеттік сектор, даму институттары шын мәнінде қажетті қорландыруды қамтамасыз ететін құрылымдардың біріне айналып отыр. Біз маңызды мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бойынша Үкіметтің операторы, жанама шараларды дамыту институты саналамыз», – деді басқарма төрағасы.
Өз кезегінде баяндама жасаған «Даму» қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұлов қордың 2007-2017 жылдар аралығында атқарған жұмысының нәтижесін жариялады.
«Біз жыл сайын 13 мың кәсіпкерге қолдау көрсетеміз. Бұл күніне 60 келісім рәсімделеді деген сөз»,– деді Абай Сарқұлов.
Басқарма төрағасының мәлімдеуінше, «Даму» қоры бүгінге дейін екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1,5 млрд теңгенің 31 мың жобасын жеңілдікпен несиелендірген. Кәсіпкерлердің 9,7 мың жобасына 1 трлн 811 млрд теңге субсидия бөлген. Сонымен қатар кепіл мүлкі жоқ кәсіпкерлердің 3 мың жобасына 104,3 млрд теңге бағыттап, кепіл болған.
«Даму» қоры 30 мыңнан астам кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетіп, 3 мыңнан астам адамның білімін жетілдірді. Былтыр қордың қолдауына ие болған кәсіпорындар 4 трлн теңгенің өнімін өндірді. Олар 253 млрд теңге салық төлеп, 26 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Осылайша бизнеске салынған әрбір 1 теңге салық түрінде 4 теңге болып қайтты. 2016 жылы қордың жеке капиталы 100 млрд теңгеге жуықтап (98,7 млрд), Қазақстан банк секторының жалпы сомасының 3,5% құрады. Бүгінде қордың активі 349,4 млрд теңгені құрайды. Бұл – Қазақстан банктері активінің жалпы сомасының 1,4%-ы», – деді Абай Сарқұлов.
Оның сөзінше, қор таяу болашақта дамудың бірнеше бағытын жүзеге асырмақшы.
«Көрсетілетін барлық қызмет толық автоматтандырылып, қаржы супермаркеті құрылады. Микроқаржыландыру ерекше қарқынға ие болып, кәсіпкерлердің біліктілігін шыңдау жұмысы жалғасын табады. Мақсатқа жету үшін келесі жылдан бастап қор «бір терезе» тәртібін енгізеді. Нәтижесінде кәсіпкер ғаламтор, ұялы байланыс, әлеуметтік желі, электронды пошта секілді байланыс құралдары арқылы өтінім беру мүмкіндігіне қол жеткізеді. Осылайша олар өтінім беру мен қарау уақытын үнемдеп, өз өтінімін online бақылап отырады», – деді «Даму» қорының басқарма төрағасы.
Оның мәлімдеуінше, қор қолданып жүрген egov электронды порталы арқылы кепілдеме алу қызметінің де аясы кеңейеді. Тіпті алдағы жылы субсидиялау шарасы да автоматтандырылады.
Өткен жылы көктем айында «Даму» қоры несиелерге кепілдемені еgov порталы арқылы автоматты түрде беруді іске қосқан болатын. Бұл — онлайн режимде қаржылық көмек беретін тұңғыш қазақстандық қызмет түрі еді. Осыған дейін портал арқылы 136 өтінім түсіп, оның 109-ы мақұлданған.
Таяу болашақта қор электронды коммерцияны жандандыру, зияткерлік меншік алу келісімдері мен сандық платформаларды және экожүйелерді қаржыландыру, краудфандинг пен краудинвестингге басымдық беруге көшеді.
Биылдан бастап «Даму» қоры нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының операторы болды. Осы бағдарлама бойынша микронесиелер тұңғыш рет «Даму» қорының кепілдігімен беріледі. Өз кезегінде бұл шара жұмыссыз және нәтижелі жұмыспен қамтылған халықтың мәселесін шешеді.
Дереккөз: 7kun.kz