Бақытжан Сағынтаев пен Дүниежүзілік банктің вице-президенті Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту мәселесін талқылады–деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында Қазақстанда экономиканың жаңа моделін енгізу мәселелері талқыланды.
Екі тарап экономиканы ырықтандыру, бизнес орта мен аграрлық секторды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру, әр жобаның экономикалық тиімділігі тұрғысынан білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша бірлескен жобаларды іске асыру барысын қарады.
Сондай-ақ, Б. Сағынтаев пен С. Мюллер 2018 жылға жоспарланған инфрақұрылымдық жобаларды және 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарларын талқылады.
Еліміздің транзиттік әлеуеті мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. С. Мюллер Қазақстанның географиялық орналасқан жерінің тиімді екеніне назар аудара отырып, еліміздің транзиттік өткізу қабілетін арттыру қызмет көрсету саласына, қазақстандық тауарларды өткізуге және жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізетінін атап өтті.
Анықтама:
Дүниежүзілік банк дамушы елдерге қаржылық және техникалық көмекті ұйымдастыру мақсатымен 1944 жылы құрылған.
Қазақстан 1992 жылғы шілдеден бастап Дүниежүзілік банктің мүшесі. Дүниежүзілік банк 1992 жылдан бастап ҚР-ға 46 жобаны қаржыландыру үшін қарызға қаражат берген. Қазіргі таңда 6 жоба қолданыста.
Дүниежүзілік банк Қазақстанның жүйелік елдік диагностика жұмыстарын жүргізуде. Ол серіктестіктің қол жеткізілген нәтижелеріне талдау жасауға және одан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға арналған басымдықты бағыттарды анықтауға бағытталған. Қазақстанның кезекті елдік диагностикасының презентациясы биыл 15 маусымда Х Астана экономикалық форумы аясындағы Дүниежүзілік банктің сессиясына жоспарланған.
Дүниежүзілік банк Қазақстанның елдік диагностикасының қорытындысы бойынша серіктестіктің 2018-2023 жылдарға арналған жаңа елдік стратегиясын әзірлейді.
Биыл Қазақстанның Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастығына 25 жыл толады.