ҚазТАГ – Елорда әкімдігінде қала әкімі Әсет Исекешев Осака қаласының мэрі Ёсимурой Хирофуми бастаған жапон делегациясымен кездесті, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында Ә.Исекешев екіжақты қарым-қатынас жетістіктерін атап өтті.
«Астана қаласының медициналық және жедел жәрдем қызметі автомобильдерінің паркі, сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту, логистикалық желіні жетілдіру сынды көптеген бірлескен нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Бұл жопандық тараптың Астананың дамуына қосқан аз ғана үлесі. Сіздің бүгінгі сапарыңыз қалалар арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің кепілі боларына сенімдімін», — деді ол.
Бұдан басқа, көптеген елордалық компаниялар Кайдзен жүйесіне көшуде, дәстүрлі жапон асханасы бар мейрамханалар көптеп ашылуда, ал жапон жекпе-жегінің жанкүйерлері қаланың көптеген спорт залдарында шеберліктерін сынай алады.
Бұдан басқа, қала әкімі Астана мен Осака арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға қызығушылық танытып, Осакада тұрғызылған жасанды арал үстіндегі «Кансаи» халықаралық әуежайы сынды қала құрылысындағы шешімдер бойынша тәжірибе алмасуға шақырды.
Әсіресе, туризм индустриясын дамыту бойынша ықпалдастыққа аса көңіл бөлінді әрі Осака қаласындағы тарихи бекініс сияқты Астанада да көрікті жерлер құру мәселесі, Universal Studio көңіл көтеру паркі, келушілер арасында аса танымалдыққа ие «Каюкан» океанариум сынды ерекше жобалар мәселесі талқыланды.
«Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу қаладағы инфрақұрылымды одан әрі дамытуға ықпал етеді, «жасыл» экономикаға көшуге мүмкіндік ашады, сондай-ақ, жалпы елдің экономикасы үшін қуатты мультипликативті нәтиже береді. Осындай маңызды шараның өткізілуі біздің екі тарапты ықпалдастығымыздың тарихына жаңа серпін беріп, қалалар арасын барлық тараптан жақындастыра түсетініне кәміл сенемін», — деді әкім.
Фото: astana.gov.kz