Күні кеше Елордамыз Астана қаласында ЭКСПО-2017 мамандандырылған Халықаралық көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Әлем назарын өзіне аударып жоғары деңгейде ұйымдастырылған ауқымды шараның бүгін екінші күнінде әрбір көрмеге қатысушы мемлекеттердің павильондары ашылды. Айта кету керек, Астанадағы көрмеге әлемнің 115 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйымдар қатысып отыр. ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы «Болашақтың қуаты» деп аталады.
Сондықтан мұнда әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және су тәрізді бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологиялар бойынша жобалар ұсынылуда. Ал Астана осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналып отыр. Осы тұрғыда дүниежүзілік көрмеге өз жобалары мен әзірлемелерін ала келген Малайзия мемлекетінің энергетика, жасыл технология және су ресурстары министрінің кеңесшісі Ли Туг Ги ханым біздің арна тілшілеріне сұхбат берді.
Көрмедегі Малайзия павильоны комиссарының орынбасары болып табылатын қонақ күллі әлем жұртшылығы көз тіккен Астанадағы ЭКСПО — 2017 көрмесін ұйымшылдықпен жоғары дәрежеде ұйымдастыра білген қазақ еліне шынайы алғысын жеткізді.
Сонымен бірге, көрмеге арнайы келген Атыраулық зейнеткер ұстаз Сұлтангерей Елсейітов те бұл шараның қазақ елін күллі әлемге танытуға қосар үлесі мол деп санайды.
Жалпы аумағы 25 гектарды құрайтын ЭКСПО-2017 қалашығында өтіп жатқан Халықаралық көрме орталығының басты бөлігі «Нұр Әлем» сферасы болып табылады. Диаметрі 80, ал биіктігі 100 метрді құрайтын алып шар бейнесіндегі ғимарат көрменің негізгі символы болып табылады. Астанада өтіп жатқан бүкіләлемдік көрме 10 маусымнан — 10 қыркүйек аралығына дейін, яғни 3 айға дейін жалғасатын болады. Ал бұл маңызды шараға біздің арнаның түсірілім тобы да қатысып жатыр. Олар жақын күндері Астана ЭКСПО-2017 көрмесінен арнайы репортаж әзірлеп ұсынатын болады.
Абай Омар