Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы — Шымкенттегі «Көрме» орталығында облыс әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаменті бірлесіп, облыстық, аумақтық және жергілікті органдардың қатысуымен «Бос лауазымдар жәрмеңкесін» өткізді. Іс-шараны Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ә.Көмекбаев ашты.
Әли Амантайұлы осындай іс-шаралардағы басты мақсат – бір жағынан талантты адамдарды, екінші жағынан беделді жұмысты табу екендігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметке кіруге үміткерлер мен мемлекеттік қызмет түрін алушы азаматтар үшін сервистік «memkyzmet.kz» көмекші сайты және оның мобильдік қосымшасы туралы азаматтарды хабардар етті.
Аталған сайттан мемлекеттік қызметке кіру тәртібін, облыстың мемлекеттік органдарымен көрсетіліп жатқан қызмет көрсету тізбесін, мемлекеттік қызмет алу үшін қажетті құжаттар тізбесін, заңнамалар жиынтығы мен тестілеу және басқа да мәліметтерді алуға болады.
Қысқа уақыт ішінде «Бос лауазымдар жәрмеңкесі» аясында 23 жергілікті және 18 аумақтық мемлекеттік мекемелердің өкілдеріне жұмыс іздеушілермен әңгімелесуге мүмкіндік туды.
Айта кету керек, қазіргі таңға облыс бойынша мемлекеттік қызметте 393 бос орын бар.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі