ҚРДСМ ДСДРО базасында 5 маусымнан бастап кәсіби медициналық қауымдастықтардың аккредиттеуден өтуі үшін құжаттарды қабылдау басталады – деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
«100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» әлеуметтік науқанын жүзеге асыру аясында ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы базасында кәсіби медициналық қауымдастықтардың аккредиттеуден өтуі үшін құжаттарды қабылдау басталады.
Кәсіби медициналық қауымдастықтарды аккредиттеу – құжаттарды қарап шығу, шолу негізінде қашықтықтан жүргізілетін ерікті шара. Аккредиттеуші орган – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызмет сапасы жөніндегі бірлескен комиссиясы (бұдан әрі — МҚСБК), оның құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.
Кәсіби медициналық қауымдастықтарды бағалау критерийлерін ең үздік халықаралық тәжірибе негізінде МҚСБК сараптау тобы әзірледі, ол қауымдастық өкілдерімен жұмыс тобы отырыстарында және әлеуметтік желілерде бірнеше рет талқыланды.
Әлемде кәсіби медициналық қауымдастықтар кәсіп үшін мынадай түйінді қызметтерді атқарады: өз мүшелерінің кәсіби деңгейлерін (білім, біліктілік) жетілдіру; олардың кәсіби қорғалуын қамтамасыз ету; заңнамаларды қалыптастыру кезінде кәсіп мүдделерін жылжыту; жеке тұлғаларды сертификаттау үшін емтихан сұрақтарын әзірлеу; аталған кәсіп бойынша емдеу хаттамаларын, кәсіби стандарттарды, білім беру стандарттарын әзірлеу және қайта қарау.
2017 жылы Қазақстанда кәсіби медициналық қауымдастықтарды аккредиттеу тұңғыш рет барлық кәсіп атынан, яғни Денсаулық сақтау министрлігінің белгілі серіктестері атынан кәсіби дауысты анықтау үшін жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрі штаттан тыс бас мамандары туралы 2015 жылғы 15 қазандағы №796 бұйрығының күшін жойды, бұл Министрліктің қауымдастықтармен ынтымақтастықтың әлемдік тәжірибесіне көшкендігін айғақтайды. Бұрын денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыстарын үйлестіру мақсатында штаттан тыс мамандар тізімдері бекітілетін.
Аккредиттеу қауымдастықтарға тиісті саладағы диагностикалау және емдеу хаттамаларын әзірлеп, қайта қарауда; денсаулық сақтау саласындағы тиісті кәсіп реформаларын жүзеге асыруда, медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын жетілдіруге қатысуда айрықша құқық береді.
Кәсіби медициналық қауымдастықтарды аккредиттеу шараларымен және өтінім беру тәртібімен Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының сайтында танысуға болады.