ҚазАқпарат — ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевтің айтуынша, Орталық Азияда тұрақтылық болмай, Қазақстанның дамуы екіталай. Сондықтан Қазақстан кез келген уақытта аймақтың тұрақтылығына қатысты қаражат бөлуге дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Иә, Орталық Азияда тұрақтылық болмаса, Қазақстанның ойдағыдай дамуы да мүмкін емес. Біз оны жақсы түсінеміз. Сол себепті Қазақстан аймақтың тұрақтылығына қаражат құюға әркез дайын. Осыған байланысты тиісті нормативтік-құқықтық актілер де мақұлданды. Мәселен, Қырғызстанға 100 млн АҚШ доллары көлемінде көмек беру туралы шарт бар. Аталған көмекке тауарлар мен қызметтер де кірді. Дегенмен, басым бөлігі — қаражат. Жалпы, бізде арнайы заңнама бар. Оған сәйкес, Қазақстан аймақтың дамуына оң әсер ететін жобалар мен бастамаларды қаржыландыра алады», — деді Мәулен Әшімбаев бүгін Астанада басталған конференцияда.
Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне алынғанда Орталық Азияның тұрақтылығы мәселесін басты бағдар деп белгілеген болатын. Осы орайда аймақты дамыту мен қауіпсіздік шараларын нығайту мәселесі жоғары деңгейде көтеруді көздейді. «Біздің дипломаттар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде осы мәселені жан-жақты талқылап, әлемдік қауымдастыққа жеткізетін болады. Қазірдің өзінде бірқатар шаралар қолға алынып отыр», — деп атап көрсетті депутат.
Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған жыл сайын өтетін конференция басталды. Биылғы конференцияның тақырыбы — «Жаһандық трансформация жағдайындағы Орталық Азия». Жиынға Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мен Ресейдің сарапшылары қатысуда.
Дереккөз: inform.kz