ҚазАқпарат — Шымкентте халыққа әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсетудің бірегей орталығы ашылды. Орталық қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызілікті зейнеткерлерге көмек көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, орталық қызметін өздігінен жүріп тұра алмайтын 700 адам пайдаланады. Мұндай жандардың қатарында жүйке жүйесі-неврологиялық ауытқуы бар және тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балалар мен ересектер, І және ІІ топтағы мүгедектер, жасы толуына байланысты өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын тұрғындар бар. Олар орталықтағы педиатр, терапевт, невропатолог, психиатр, травматолог-ортопед, орта дәрежелі медицина персоналы, тәрбиешілер, дефектологтар, әдіскер, логопед және психолог сынды білікті мамандардың қызметіне жүгіне алады. Базбір балалар үшін Монтессори кабинеті жұмыс істейді. Онда балалардың ақыл-ой мүмкіндігін ашып, дамытуға барлық жағдай жасалған. Ал сенсорлы кабинетте мамандар психиологиялық жұмыс жүргізіп қана қоймай, балалардың ұсақ моторикасын дамытпақ. Шымкентте мүгедектер үшін әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсетудің бірегей орталығы ашылды «Мүгедек жандарға осы қызметтерге қол жеткізу үшін әлеуметтік-психологиялық сараптама комиссиясы (ӘПСК) берген жеке оңалту бағдарламасын орталық қызметкерлеріне ұсыну жеткілікті. Бұл құжатта мүгедек жанға қажетті оңалту әрекетінің барлығы — күндізгі стационар, емдік жаттығу, ем алу мерзімі, қажетті гигиеналық құралдар көрсетілген. Бізде көрсетілмейтін жалғыз қызмет — бұл стационарда толығымен қалу. Ол облыстық орталықта көрсетіледі. Біз тек күндізгі стационарды немесе үйге барып әлеуметтік қызмет көрсетуді ұсына аламыз. Күндізгі стационар 32 төсек-орынға шақталған», — деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова.
Айта кету керек, Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсетудің қалалық аумақтық орталығы» 2011 жылдың ақпанында құрылған болатын. Өткен жылы мекеме Шымкент қаласы әкімдігінің «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсетудің қалалық аумақтық орталығы» болып қайта құрылды. Осыдан кейін орталықта халыққа бұрынғыдан да кең ауқымда қызмет көрсету мүмкіндігі туды.
Дереккөз: inform.kz