Астанадағы №67 мектептен шыққан дауды Білім және ғылым министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бақылауға алды. Бұл туралы халыққа есеп беру кезінде Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бүгін Facebook әлеуметтік желісінде қоғамның назарын өзіне аудартқан видео жарияланды. Насима Қорғанбекова есімді желі қолданушысының мәліметіне сәйкес, видеода өрескел заң ережесін бұзып, машина жүргізген оқушы №67 мектеп директорының баласы екенін айтады. Ол 9 сынып оқушысы. Жасы 15-те. Сонымен қатар, видеоның авторы білім ордасының мұғалімдері мектеп тарапынан заңсыз ақша жинайтындығын алға тартады.
Осы орайда Эльмира Суханбердиева аталмыш мәселені мемлекеттік органдар бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
«№67 мектепте тіркелген жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Шағымдар тіркеліп, БҒМ-ға, Астана қаласының Білім басқармасына және органдарға жіберілді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы №67 мектептің директорына қатысты тергеу жұмыстарын жүрзігіп жатыр. Тергеудің қорытындысы біткеннен кейін тиісті қорытынды шығарылады. Біз тиісті ақпаратты береміз. Директорды қызметінен алу қалалық білім басқармасының құзіретіне кіреді. Комиссия жұмыс істеп жатыр. Біз осы сұрақты бақылауда ұстап отырмыз», — деді ол.
Сонымен қатар вице-министр әлеуметтік желіде тараған видео қалалық Ішкі істер басқармасына жіберілгенін алға тартты.
«Желіде тараған видеоға тоқталайын. Біз Астана қаласының Ішкі істер басқармасына сұрау хат жібердік. Олар баланың шынымен көлікті басқарды ма, ол 15 жасында жүргізуші куәлігінсіз қалай көлік басқарып жүр?! Осы сауалдарға жауап іздейтін болады. Бұл сұрақ та біздің бақылауымызда», — деді Эльмира Суханбердиева.
Дереккөз: Baq.kz