ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстары туралы бирифинг өтті деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбымен халыққа арнаған Жолдауын жасаған болатын. Онда Президент мемлекет пен қоғам дамуының жаңа маңызды міндеттерін айқындап берген болатын. Оның ішінде басты назар адам капиталына, рухани мәдениеттің жоғары деңгейіне, білімділік, парасатталық, экономика, бизнес пен технологиялардың дамуына бөлінді.
«Осы ретте, Жолдаудың басым дені еліміздің экономикалық және инновациялық дамуына және оны жүзеге асыруға арналғанымен Елбасы Жолдауының негізі түйіні — мемлекеттің экономикалық дамуы мен жетістігі мәдениеті жоғары, рухы берік және ауызбіршілік пен келісім орныққан мемлекет пен қоғамда ғана берік орныға алады деген аталы ойға негізделетінін айта кеткім келеді» — дейді Берік Арын.
Сонымен бірге, вице-министр Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 12 сәуірде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Жолдауды іске асырудың идеялық және құндылықтар тұғыры мен алгоритмін нақты айқындап бергендігін айтты.
«Елбасы биылғы Жолдауында дін саласында орын алып отырған ахуалға тоқтала отырып, өсе түсіп отырған діни радикализмнің алдын алуға ерекше мән берді. Сонымен қатар, бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдарды белсенді тарту, жастар арасында экстремизмнің алдын алу жұмыстарын жүргізуге аса мән беру қажеттігі айтылды» — деді вице-министр.
Министрлік құрылған сәттен бастап дін, азаматтық қоғам және жастар саясаты салаларындағы мемлекеттік саясатты жаңғырту жұмыстарына белсене кірісіп кетті. Заңнамалық және институционалды бастамалар әзірленіп енгізілуде.
«Министрлік Жолдау аясында қазіргі күнде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, радикалды діни ағымдардың идеяларының таралуына жол бермеу мақсатында кешенді жұмыстарды жүргізіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырып келеді» — дейді Берік Арын.
Дереккөз: Baq.kz