Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Прокуратура туралы» заң жобасы талқыланды,- деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Аталмыш заң жобасын Бас прокурор депутаттарға таныстырмас бұрын өз саласындағы өзекті проблемаларға тоқталды.
«Біз былтырдан бері бір күрделі мәселеге тіреліп қалдық. Қаншама талқылау болды. Бүкіл бір жүйе болып, бір мәселені шеше алмай келеміз. Неше түрлі дискуссия болды. Біздің ведомстволық портал бар. Сонда неше түрлі әлеуметтік сауалнамалар, дауыс берулер жүргізілді. Мамандарды, ғалымдарды шақырдық. Бірақ бүгінге дейін бір пікірге, бір шешімге келе алмадық… Біздің заңдарымызда прокуратураның нақты құзыреті айқындалмаған. Иә ауқым жоқ, иә шек жоқ. Біздің нақты неге жауап беретіндігіміз анықталмаған», — деді ол.
Осыған байланысты Жақып Асанов прокуратура жұмысындағы кейбір олқылықтарды атап өтті.
«Прокуратура заңның орындалуын қадағалайды. Ал енді заңға бағынбайтын еш нәрсе жоқ. Кез келген саланың өз тәртібі бар. Ол соған тәуелді. Әрбір министрлік, әрбір мемлекеттік органның өзінің жауап беретін саласы бар. Сол салада ол заңдылықты қамтамасыз етеді. Ал прокуратура соны қайталаймын деп, жағаласып солардың жұмысына араласа береді. Кімді тексереміз десек те, өз еркіміз. Шынын айтсақ, шашылып кеттік. Араласпайтын іс, мұрын тықпайтын жер қалмады. СЭС-та боламыз. Біз райономыз. Райсобес те өзіміз. «Екі қайықтың басын ұстаған, суға кетеді» дейді ғой. Біз де барлығына үлгереміз деп сондай бір пысық келін болғымыз келеді. Соның кесірінен халқымыздың жанына батып, халықтың көңіліне тиіп жүрген мәселелерден біз шетте қалдық», — деді Бас прокурор.
Дереккөз: Baq.kz