Халықтың жанына бататыны – тергеу мен соттың үкімдері. Осы деректер бойынша азаматтар көп шағымданады. Алайда, бұл жұмысты біз шетке қалдырдық. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Бас Прокурор Жақып Асанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Жалпы отырыста Жақып Асанов «Прокуратура туралы» заң жобасын таныстырмас бұрын, халық қалаулылары алдында өз саласындағы түйткілді мәселерлерге тоқталды.
«Халықтың жанынан бататыны, ең көп шағымданатыны – тергеу мен соттың үкімдері. Бұл жұмысты біз шетке қалдырдық. Жалпы бақылаумен айналысамыз деп күш те, уақыт та тап осы тергеуге жетпей жатыр», — деді ол.
Осыған байланысты Бас прокурор тиісті жұмыстардың қолға алына бастағандығын атап өтті.
«Сондықтан Елбасының тапсырмасымен арнайы топ құрылды. Мақсат – Қылмыстық процессуалдық кодекске жаңа көзбен қарау. Себебі, аталмыш кодекске қатысты сұрақ көп. Қылмыстық процеске іліккен азаматтардың құқықтары жеткілікті деңгейде қорғалған ба? Тергеу орындарына көп билік беріп қойған жоқпыз ба? Адвокаттар мен басқа процеске қатысушылардың қорғануына мүмкіндік жеткілікті ме? Прокуратура заңсыздыққа неге тиімді тосқауыл қоя алмай отыр? Қылмыстық процестерге байланысты айтып отырмын. Әлем цифрлық технологияларға көшіп жатқанда, неге біздің қылмыстық істер осы күнге дейін қағаз түрінде жүргізіледі?», — деді Жақып Асанов.
Осы орайда ол шетелде сот істері қалай жүргізілетіндігін мысалға келтірді. Оның айтуынша, енді Бас прокуратура басымдықты қылмыстық істерге беретін болады.
«Кеше ғана біз, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, Германия мен Эстонияға барып келдік. Өз көзімізбен қалай жұмыс істейтіндерін көрдік. Енді бізде олар сияқты негізгі күшімізді қылмыстық процеске саламыз. Өйткені, халықтың жанына батып жүргені, ең көп шағымданатыны сотқа дейінгі тергеу», — деп түйіндеді сөзін Бас прокурор.
Дереккөз: Baq.kz