Елбасының тікелей тапсырмасымен еліміз көлемінде «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынғалы да көп бола қойған жоқ. Бұған дейінгі халықты баспанамен қамтамасыз ететін бағдарламалардың барлығын біріктірген «Нұрлы жердің» 2017 жылғы алғашқы төрт айдағы қорытындысы да шығып үлгерді. Ендеше біз осы уақытқа сараптама жасап көрейік.
«Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері Қазақстанда қанша баспанаға мұқтаж жандар бар екені белгілі болды.
«Қазіргі уақытта бізге анық болғанындай 1,3 млн адам жерге кезекте тұр. Ал 800 мыңға жуық адам «Тұрғын үй жинақ банкте» салымшы. Оның сыртында 400 мыңдай адам әкімдіктерде үй кезегінде тіркелген. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы біз әуелі осы адамдарды баспанамен қамтамасыз етеміз. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі, баспанаға өте мұқтаж, аз қамтылған отбасылар бірінші кезекте алатын болады» — дейді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Бас сарапшысы Саражан Абайқызы.
Демек өткендегі бір сұқбатында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басшысы Мархабат Жайымбетовтің «15 жылда 1,5 млн халықты баспанамен қамтамасыз етеміз» деген сөзінің негізі осы болды.
Сонымен 2017 жылдың қаңтарынан бері еліміздің әрбір өңірінде құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жылына 25 млрд теңге бөлініп, әр облыста 150 баспана салу көзделген бағдарламаның алғашқы қаржысы 2017-2019 жылдарға негізделген. Биылға бөлінген қаржыға еліміз бойынша 311,3 мың шаршы метрді құрайтын 5936 пәтер салынады деп жоспарланған.
Дереккөз: Baq.kz