ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлерді тексеру санын қысқарту жөнінде бірқатар шара ұсынып отыр.
Назар құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту ұстанымына аударылатын болады. Бұл жайында ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Асланбек Жақыпов, мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сарапшылық топтың отырысы барысында ол топтың барлық бақылау және қадағалау функцияларына толық талдау жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде жүйелі проблемалар, оның ішінде орталық мемлекеттік органдар мен ЖАО арасында (тігінен) және бір деңгейдегі мемлекеттік органдар арасында (көлденеңнен) бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруда қосарланушылық, сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан тексеруді ұйымдастыру және өткізудің белгілі бір заңнамалық тәртібі болмауы жағдайында іске асырылуы анықталған.
«Тәжірибе бақыланатын органдардың мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін тек жүргізілген тексеру қорытындысында анықталған құқық бұзушылықтар санымен ғана байланыстыратынын көрсетеді. Бұл ретте құқық бұзушылықты ескерту мен алдын алу жөніндегі мониторинг өткізілмейді. Осыған байланысты, біздің тарапымыздан мемлекеттік органдар қызметін құқық бұзушылықтың алдын алу мен ескерту ұстанымына бейімдеуге мүмкіндік беретін шаралар әзірленуде», – деді Жақыпов.
Ол бақылау мен қадағалау органдарының тексерулерді ішінара және жоспарлаусыз ерекше тәртіппен жүргізіп отырғанын атап айтты. 2016 жылғы қорытынды бойынша тексерулердің көп мөлшері жоспардан тыс тексерулерге (60%, яғни 60157 тексеру) және тексерудің ерекше тәртібіне (31%, яғни, 31139) жатады. Демек, ішінара тексерулер саны (9%, яғни 7259 тексеру). Осыған байланысты ол тексерулер санын қысқарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Тексерілетін субъектілерге қатысты ішінара тексерулерді жүргізу тәжірибесін алып тастау жөніндегі түбегейлі шара ұсынылып отыр. Яғни, ішінара тексерулерді алдын алу бақылаумен айырбастау қажет. Оны қатерлерді бағалау жүйесі негізінде құқықтық статистика органдарында міндетті тіркеу, сондай-ақ, субъектінің қатысуы арқылы іске асыру ұсынылуда», – деді Жақыпов.
Дереккөз: naryk.kz