Парламент Мәжілісінде өткен «Самұрық-Қазына» АҚ-да мемлекеттік ресурстарды қолданудың тиімділігі туралы» атты дөңгелек үстел отырысында Қордың қарызына қатысты мәселелер көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2016 жылы Қордың пайдасы 575 млрд. теңге болды, мұнай-газ және кен өндіру секторларының қызметі есебінен – 510 млрд. теңге, телекоммуникация секторы есебінен – 56 млрд. теңге пайда тапқан. Бірлескен кәсіпорындар мен ассоциацияланған компаниялардың пайдадағы үлесі 2015 жылы – 149 млрд. теңгені құрады. Ал 2016 жылы ол артып, 356 млрд. теңгеге жетті. Бұл өз кезегінде Қор жұмысының оң нәтижесі. Сонымен қатар, соңғы бес жылда квазимемлекеттік сектордың жеке субъектілерінің активтерді басқару тиімділігінің төмендеу қарқыны байқалады. Осылайша, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерінің тиімділік коэффициенті 2012 жылғы 7 пайыздан 2016 жылы 2,6 пайызға немесе 2,7 есе азайды. Меншікті капиталдың тиімділік коэффициенті 2016 жылы 2,8 есеге азайды»,-деп тоқталды депутат Нұртай Сабильянов.
Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылы Қордың қарыз сомасы оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 трлн. 352 млрд. теңгеге азайғанына қарамастан, қарыз сомасы 2016 жылы 9 трлн. 938 млрд. теңгені (29,8 млрд $) құрап отыр (квазимемлекеттік сектордың барлық қарыздарының 70 пайыз шамасында), оның ішінде Үкімет қарызы – 3 трлн. 52 млрд. теңге, өзге де қарыздар – 6 трлн. 889 млрд. теңге (20,6 млрд $).
«Ал, 2016 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тобының қарыздар мен шығарылған борышқорлық бағалы қағаздар пайыздарына 320 млрд. теңге жұмсалды. Бұл Қор үшін өте үлкен салмақ. Сондықтан Қордың қарызды өтеуге қызмет көрсетуіне үлкен ақша сомасы жұмсалатынын, Қор компанияларының төлеуге қабілетсіздік жағдайында қарызды төлеу бюджет есебінен жүзеге асатынын ескере отырып (Қордың бірден-бір акционері ҚР Үкіметі болғандықтан), алынған табыстарды, бос қаражат пен пайданы қарыздарды өтеуге жұмсау қажет»,-дейді Н. Сабильянов.
Бұдан бөлек, соңғы үш жылда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын толтыруға республикалық бюджеттен 948,5 млрд. теңге бөлінді, олардың көп бөлігі уақытылы игерілмейді және қолма-қол ақшаның бақылау шоттарында орналасқаны атап өтілді.
«2017 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтерге сәйкес, квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі қалдықтар 113 млрд. теңгені құрады. Сондықтан да, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын бюджеттік қаражаттар есебінен толтыруды тоқтату қажет. Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бірнеше жылдар бойы бюджеттен қаржыландырылмайтын және қаражаттарды облигациялар шығару арқылы тартатын Малайзиядағы «Темасек Холдинг» компаниясының тәжірибесін қабылдау қажет»,-деді депутат.
Дереккөз: naryk.kz