Ағымдағы жылы Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі 2016 жылы құрастырылған көліктер көлемін 3,5 есеге арттырды. Бұл жайында Қазақстан Автомобиль саласы кәсіпорындары одағының баспасөз қызметі мәлімдеді.
«2017 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан аумағында жалпы құны 28,9 млрд теңгені құрайтын 5050 автокөлік құралын (жүк көліктері мен автобустарды қоса алғанда) шығарды. Нақты мәнде шығарылым көлемі өткен жылғы көрсеткіштен 3,5 есеге асып түсті. Жеңіл автомобильдер шығару көрсеткіші 5,4 есеге артып, 4571 бірлікке жетті», – делінген «ҚазАвтоӨнеркәсіп» хабарламасында.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша, 54 автобус шығарылып, осыдан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есе артқан. Ал жүк көліктерін шығару көлемі 36 пайызға қысқарып, 264 бірлікті құраған.
Бұған қоса, таратылған ақпаратта отандық автозауыттар жыл басынан бері 3859 көлікті сатқандығы айтылып отыр. Бұл да өткен жылғы көрсеткіштен 37,2 пайызға көп. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» кәсіпорындарының нарықтағы үлесі 32,5 процентке жетіп отыр.
Ал осыдан бір жыл бұрынғы үлесі 18,8 процент болған еді. Жергілікті құрастырылған автомобильдердің ішінде «Азия Авто» АҚ шығарған көліктер басым. Бұл компанияға жыл басынан бері сатылған көліктердің 73 проценті немесе 2820-сы тиесілі.
Ал «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС болса ағымдағы жылы 622 көлік сатып үлгерді. Олардың отандық нарықтағы үлесі 17 пайызға тең. 2017 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша, Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің ішіндегі барынша танымалдыққа ие бестіктің қатарында Lada (1897 бірлік), KIA (600 бірлік), Hyundai (345 бірлік), Chevrolet (264 бірлік) және JAC (174 бірлік) көліктері бар.
Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысында сала кәсіпорындарының республиканың ішкі жалпы өнімі құрылымына қосқан үлесі 28,9 млрд. теңгеге жетті. Бұл осыдан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 15,1 процентке көп.
2017 жылдың қаңтар-наурызының қорытындысында негізгі капиталға салынған сала кәсіпорындарының инвестициясы 2,8 млрд. теңдеген асып жығылды.
Дереккөз: naryk.kz