Бұдан былай Президент лауазымына үміткерді саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ғана ұсына алады. Конституциялық заңға осындай өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Үміткер кемінде 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі тиіс. Әрі оның денсаулығында қызметіне кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы расталуы қажет.
Аталған заң жобасын бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Әділет министрі таныстырды. Сондай-ақ Марат Бекетаев мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы заңнаманы да депутаттардың назарына ұсынды.
Сонымен, экономиканың басым секторларын айқындау, арнайы экономикалық аймақтарды құру сынды Президенттің өкілеттіктерін Үкіметке беру көзделіп отыр. Ішкі су айдындарында, төтенше жəне экологиялық аймақтарда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұнай операцияларын жүргізу туралы шешімді де енді Үкімет қабылдайтын болады. Ұлттық банктің тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынысы негізінде арнайы валюталық режимді енгізуі, мемлекеттік-жекеменшік əріптестік мақсаттарына берілетін объектілер тізбесін айқындау. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың шекарасын анықтау, мемлекеттік қызметшілерге материалдық көмек көрсету, үстемақылар белгілеуді де Үкіметтің құзырына беру қарастырылып отыр.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өкілетті орган жүзеге асыратын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сыртқы талдау тәртібін Президенттің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындау өкілеттігі Үкіметке беріліп отыр. Сондай-ақ Үкіметке Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік органдарға, шетелдегі мекемелерге және өзге де ұйымдарға іссапарға жіберу тәртібін бекіту туралы өкілеттікті беру ұсынылып отыр.
Дереккөз: 24.kz