ЭКСПО қалашығын жарықтандыруға арналған ақылды қондырғылар орнатыла бастады.
«Смарт гид» жобасы аясында дүниежүзілік шара өтетін аумақ күн және жел энергиясымен жабдықталады. Мамандардың айтуынша, 42 станцияның жұмысы бір жүйемен басқарылып, қауіпсіздік күшейтіледі. Әсіресе өндірілген электр қуатын ұқыпты әрі ұтымды пайдалануға мүмкіндік көбейеді. Сондай-ақ ЭКСПО көшелерін жарықтандырудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол үшін диодты шамдар орнатылып, қуат көзін үнемдеудің тиімді тәсілі қолданылады. Айта кетейік, қалашық аумағында 5 мың орынға арналған кең ауқымды автотұрақ та салынды. Дүниежүзілік шара аяқталған соң инфрақұрылымдық жүйелер мен көлік қоятын аумақтар жергілікті әкімдікке беріледі.
Владимир Соболев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ департамент басшысы:
— Автотұрақ ақылы негізде жұмыс істейді. Қазір тарифтік көлемін нақтылап жатырмыз. Дегенмен, қымбат болмайтынын сенімді түрде айта аламын. Шара аяқталған соң, автотұрақтың орнына басқа да ғимараттар салу үшін әкімдікке береміз. Ал ақша төлеуге арналған қондырғылар паркингке орнатылатын болады.
Дереккөз: 24.kz