“Самұрық-Қазына” қоры мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасы аясында бірнеше компанияларын сатқалы жатыр. Қазірдің өзінде сатылуы тиіс компаниялардың бекітілген тізімінде 215 кәсіпорын бар. Олардан бөлек, IPO арқылы сатылатындар да бар.
Қордың жекешелендіру және қайта құру департаментінің директоры Дәурен Таймағанбетов компаниядағы жекешелендіру шаралары туралы кеңінен баяндады.
“Қор компанияларының бағасын біз өзіміз бекітпейміз. Ол үшін арнайы бағалаушылар жұмыс істейді. Бейтарап бақылаушылар нарықтық бағаны есептеп бергеннен кейін компания олардың сатып алушыларымен сол бағадан бастап саудаласады”, – дейді директор.
Қазіргі жоспар бойынша, Самыұрық-Қазына өз компанияларының үштен бірін отандық қатысушыларға, үштен бірін шетелдіктерге, енді үштен бірін бірлескен кәсіпорындарға сатуды жоспарлап отыр.
“Бұл біз үшін ең тиімді жағдай. Халықаралық тәжірибе бойынша да осы дұрыс жол. Чили мен Ұлыбританиядағы жекешелендіруде де осындай өлшем болған”, – дейді Самұрық өкілі.
Оның айтуынша, Қытайдан қызығушылар бар, бірақ негізгі сатып алушылар оңтүстік-шығыс Азия, Еуропа мен АҚШ кәсіпкерлері.
“2016 жылы сатылған кәсіпорындардың барлығын жергілікті бизнес сатып алған. Өйткені өткен жылы негізінен ұсақ компаниялар сатылды. Өңірлік деңгейдегі кәсіпорындар олар. Ондайға шетелдік инвесторлар қызыға қоймайды”.
Спикердің айтуынша, Самұрықтың кемінде алты компаниясы IPO-ға шығарылады. Олардың арасында Air Astana мен Қазатомөнеркәсіп бар. Бірақ олар 2018 жылдан кейін шығарылмақ.
Сөз соңында спикер жекешелендіру шараларынан кейін Самұрыққа 6,5-7 млрд доллар шамасында қаржы түсетінін айтты. Бірақ сыртқы факторлар мен сол кездегі жағдайлар бойынша бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін.
Дереккөз: naryk.kz