Франция павильонының Бас комиссары Паскаль Лоро Халықаралық мамандандырылған көрменің тақырыбы «Болашақ энергиясы» Франция қолдайтын басымдықтармен үндес екенін атап өтті.
Павильонның бірінші қабатында атақты француз компаниялары, стартаптары және мемлекеттік мекемелері ұсынылады, олардың мақсаты – энергия тұтынудың үнемді үлгілерін қолдану қажеттілігіне әлем халқының назарын аудару және климаттың өзгеру үдерісін баяулатуға қабілетті шешімдерді ұсыну.
Екінші қабатта — көптеген коллоквиумдар, симпозиумдар, дебаттар, семинарлар, шеберлік сыныптары мен ғылыми конференциялар өткізу аймағы. Ұйымдастырушылар бұл іс-шараларда қонақтар болашақ энергетикасы саласындағы француз инновациялық технологиялары туралы, сондай-ақ білім, мәдениет және франкофония салаларындағы Франция мен Қазақстанның ынтымақтастығы туралы көптеген қызықты мәлімет ала алады деп уәде етіп отыр.
«Франция өз комиссарын тағайындап, 2015 жылғы шілдеде ресми сапармен келген алғашқы елдердің бірі. Сол себепті де біз ең ірі павильондардың бірін алдық, оның көлемі 1 084 шаршы метрді құрайды әрі ол ең ірі үш павильондардың қатарында», — деді бас комиссар.
Павильонның барлық бөліктері галереялар арқылы қосылған, мұнда Францияның көрнекті қайраткерлерінің өнер туындылары ұсынылады, соның ішінде — Милен Гермонның «Мини Аква» композициясы, суретші-иллюстратор Ян Далонның туындысы — Марианна бейнесі және т.б. шығармалар бар. Павильонның алды Францияның ең әдемі жерлерінің фотосуреттерімен безендіріледі.
Франция көрме қонақтарын футуристік автокөлік экспозициясымен, өздігінен жүретін көліктер мен скутерлердің түрлі үлгілерімен, үлкен әуе шарымен таңқалдырады.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өткізілу кезінде Франция екі ұлттық мерекесін – 21 маусымда Франция күнін және 14 шілдеде Бастилияны алу күнін атап өтеді және осы күндерге орай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Дереккөз: primeminister.kz