Республикалық бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен ұлғаятын болады. Бүгін бұл мәселе Мәжілістің жалпы отырысында қаралып жатыр.
Әсел Тұмашқызы, тілші:
— Зейнетақы мөлшері жыл басында 9 пайызға арттырылғанын ескергенде, 11%-ға өсетін болады. Ал базалық зейнетақы мөлшері 13%-ға көбеймек. Нәтижесінде биыл 1 шілдеден бастап, оның мөлшері өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20%-ға өседі. Осылайша ең төменгі зейнетақы 46 мың теңгеге жуықтайды. Бірқатар жаңашылдықтарды көздейтін заң жобасы жөнінде депутаттардың алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі баяндама жасады.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, баланың туылуына орай берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де биыл 1 қаңтардан 7%-ға өсті. 1 шілдеден бастап, тағы 20%-ға арттырылатын болады. Сондай-ақ заң жобасында жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналарын 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыру қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, бүгін депутаттар еліміз бен Қырғыз Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді де қарайтын болады. Құжатта еуразиялық интеграциялық процеске жәрдемдесу мақсатында Қырғызстанға 100 млн АҚШ долларына барабар көмек көрсету мәселесі қамтылған. Сонымен қатар, бүгін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасы да екінші оқылымда қаралады.
Дереккөз: 24.kz