Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» форумының көшбасшылар дөңгелек үстел отырысында Жібек жолы халықаралық ғылым академиясын құру туралы қазақстандық ғалымдардың бастамасы туралы айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі. «Бізге инновация және ғылыми-техникалық даму салаларындағы қарым-қатынастарды барынша нығайтуға күш салу керек. ҒЗТКЖ (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар — автор) орталықтарын және инновациялық компаниялардың технологиялық трансференті мен венчурлік қорларды құру жобасын бірлесіп қаржыландыру мәселесін қарау орынды. Осы ретте мен дөңгелек үстер жұмысына құрметті қатысушыларды Жібек жолы халықаралық ғылым академиясын құру туралы қазақстандық ғалымдардың бастамасына назар аударуларуларын сұраймын.
Бұл идеяға қытайлық әріптестеріміз, сондай-ақ 16 елдің ғылыми мекемелері қолдау білдірген. Бастаманың қолдау табатындығына сенеміз»,- деді Мемлекет басшысы. Еске салайық, Елбасы ҚХР-ға екі күндік сапармен барды. Онда ҚР Президенті Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі форумға қатысуда. Оған 29 мемлекеттің президенттері мен үкімет басшылары, сондай-ақ БҰҰ, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының өкілдері келді.
ҚазАқпарат