«Елі барда, ер өлмес ізі өшпес». Оңтүстік Қазақстан облысының және Бәйдібек ауданының «Құрметті азаматы», саналы ғұмырында еліне адал еңбек етуге арнаған Әбілдәбек Шарадарбекұлын еске алуға арналған футболдан облыстық турнир өтті.
Биыл 12 мәрте өз шымылдығын түріп отырған доп додасы Шаян ауылында ұйымдастырылды. Онда жалпы саны 8 команда сынға түсті. Бір күн бойына жалғасқан жарыста тембіл доп шеберлері ойын алаңының шаңын шығарып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Елбасының бұқаралық спорт деңгейін дамыту жоспарына Әбілдәбек Шардарбекұлы көзі тірісінде қолдау танытқан. Яғни тұғыры биік тұлға жасөспірімдер арасындағы облыстық футбол турнирін 2004 жылы жүзеге асырып, жыл сайын өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған болатын. Алайда 2015 жылы ОҚО және Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы атанған спорт жанашыры 75 – жасына қараған шағында мәңгілік сапарға атанады. Енді, міне араға бір жыл салып Әбілдәбек Шардарбекұлының артынан ерген ұл-қыздары әкесінің есімін мәңгі жаңғырту мақсатында 12 рет дәстүрлі футбол турнирін ұйымдастырды.
Сайысқа Қазығұрт, Бәйдібек, Шардара, Түлкібас, Созақ, Отырар, Ордабасы және Созақ аудандарынан іріктеліп шыққан жас тембіл доп шеберлері сынға түсті. Бір күнге жалғасқан аламан дода өз мәресіне жетті. Ережеге сәйкес, сайыстың жеңімпаздарыда анықталды. Яғни, 8 команда қатысқан доп додасында үздік нәтижемен Отырар ауданының ойыншылары үшінші орынға ие болып, 50 мың теңгені қанжығаларына байлады. Ал екінші орынды алаңның иелері, яғни Бәйдібектің құрамасы қол жеткізді. Оларға 70 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Оқ бойы озық шыққан Арыстың ойыншылары бірінші орынның иегері атанды. Жеңімпаздарға 100 мың теңге қаржылай сыйлық ұсынылды. Осылайша еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болған Әбілдәбек Шардарбекұлын еске алуға арналған футбол турнирі өз мәресіне жетті. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғына арналған дәстүрлі доп додасы алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Өйткені «Елі барда, ел есімі мәңгі өшпейді!».
Айзада Бидан