Еліміздің сот билігінде қарымды қызмет атқарған ел ағасы Ақжан Ештай дүниеден озды. Ол 2013 жылдан бері Алматы қалалық сотын басқарып келді. 14 мамырда кенеттен қаза тапқан Ақжан Жайлауханұлы салада сан тірлігімен ерекшеленіп, ұрпақ тәрбиелеу ісінде өзіндік қолтаңба қалдыра білді. Шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатыр. Ол 1961 жылдың 5 ақпанында, Оңтүстік Қазақстан облысының, Төле би ауданы, Екпінді ауылында туған. 1983 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Заң» факультетін бітірген.
1983 – 1986 жылдары Торғай облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, Торғай облысы Амангелді ауданында заң кеңесінің меңгерушісі, 1986 — 1988 жылдары Торғай облыстық сотының судьясы, 1988 – 1992 жылдары Целиноград облыстық сотының судьясы, 1992 – 1995 жылдары Шымкент облыстық сотының судьясы, 1995 – 1996 жылдары Оңтүстік – Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы, 1996 – 2000 жылдары Оңтүстік – Қазақстан облыстық сотының судьясы, 2000 – 2005 жылдары Оңтүстік – Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 2005 – 2009 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, 2009 — 2013 жылдары Ақмола облыстық сотының төрағасы қызметтерін атқарған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 12 желтоқсандағы №710 Жарлығына сәйкес қазіргі уақытқа дейін Алматы қалалық сотының төрағасы лауазымын атқарып келді.
Сот жүйесінде ұзақ жылдық және адал еңбегі, сот төрелігін жүзеге асыру барысында мінсіз қызмет атқарғаны үшін «ҚР Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» және «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, ҚР Судьялар Одағы Орталық Кеңесінің «Үш би», «Оңтүстік Қазақстан облысының үздік судьясы», ҚР Жоғарғы Соты төрағасының 3-ші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған, Б. Сыртанов атындағы ҚР заң ғылымдар Академиясы сыйлығының иегері.
Қазақстанның Судьялар Одағының құрметті мүшесі Ақжан Ештаймен қоштасу, ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 16 мамыр күні туған жері Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Екпінді елдімекенінде өтеді.