Шымкент қаласында екі күнге созылған КСРО Спорт шебері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, спорт қайраткері және Халықаралық экстра-класс дәрежедегі төреші Түсіпхан Сайхановты еске алуға арналған еркін күрестен Республикалық ашық турнир өз мересіне жетті. 2000-2001 жылғы жасөспірімдер арасында биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған жарысқа еліміздің бірқатар облысы мен көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен жалпы саны 350-ге тарта спортшы қатысқан болатын. 11 салмақ дәрежесі бойынша аса тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған жас өрендер арнайы сый-сияпаттарға ие болды.
Саналы ғұмырын ел спортының дамуына арнап көптеген белгілі сапортшыларды тәрбиелеп шығарған Түсіпхан Сайхановты еске алуға арналған турнир екі күн бойына Шымкент қаласындағы «Жеңіл атлетикалық спорт кешенінде» өтті. Спорт қайраткеріне еліктеген жас балуандар арасынан үздіктерді анықтау және жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алып салауатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы жарыс аса тартысты өтті. Яғни турнирдің алғашқы күнінде 6 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталып арнайы марапаттарға ие болса, екінші күні қалған 5 салмақ бойынша тартысты белдесулер өтті. Жыл сайын ауқымы кеңейіп қатысушылар саны артып келе жатқан биылғы Республикалық Ашық турнирге көршілес елдерден де мықты мықты жас палуандар келген.
Т. Сайхановты еске алу турнирінде 11 дәрежесіндегі бәсекелер тартысқа толы болды. Бұл ретте жүлделі орын алған спортшыларға арнайы марапаттар салтанатты түрде тапсырылды. Ал, жүлделер саны бойынша командалық есепте Өзбекстан Республикасы мен Алматы облысы жүлделі 1-ші 2-ші орындарды бөліссе бұл нәтижеде, ОҚО спортшылары көш басынан көрінді. Ал, өз кезегінде спорт қайраткері Т. Сайхановтың жанұясы өз аттарынан жеңімпаз команда бапкерлеріне арнайы кубоктарды табыс етіп, сый сияпат жасады. Осылайша, екі күнге ұласқан жасөсіпірімдер арасындағы дәстүрлі Республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті.
Абай Омар