Мәжілісте дәрі-дәрмек мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауда ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасап, отандық фармацевтика өнеркәсібінде жаңа өнім түрлері шығарыла бастағанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Фармацевтика саласындағы 200 шағын кәсіпорында 3,5 мың адам жұмыс істейді. Қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарға толық циклды компаниялар мен рецептік-өндірістік бөлімі бар дәріханалар жатады. Отандық фармацевтика өнеркәсібінде кардиологиялық, аллергияға қарсы дәрілік заттардан бастап бір реттік медициналық перчаткалар мен рентген жабдығы маскаларына дейінгі қажетті жаңа өнім түрлері шығарыла бастады», — деді Ж.Қасымбек.
Министрдің айтуынша, еліміздегі 10 кәсіпорын медициналық мақсаттарға арналған бұйымдармен отандық денсаулық сақтау мекемелерінің сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр. Жеңіс Қасымбек өз сөзінде Қазақстан Республикасының ішкі тұтыну құрылымында отандық өндіріс үлесінің ақшалай құны 11% құрағандығын атап өтті.
«Дегенмен, Елбасының тапсырмасын орындай отырып, тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында дәрілік препараттардың 50%-ы отандық өндірістен сатып алынатынын атап өткен жөн», — деді министр.
Дереккөз: Baq.kz