Бүгін таңғы сағат 8:00-де Шымкент қаласының үш бидің атын иеленген көшелердің түйіскен жері «Ордабасы» алаңынан үш бидің басы біріккен киелі Ордабасы тауына дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының бастамасы бойынша облыс әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған жыл сайынғы «БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» атты дәстүрлі велошеру өтті.
Осымен үшінші рет өткізіліп отырған игі шараның мақсаты — Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау. Сондай-ақ, 2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек арасында Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай ұйымдастырылып отыр. Аталмыш бұқаралық шараға облыстық, аудандық соттардың судьялары мен облыс әкімдігі қызметкерлерінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының және өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, яғни 120-дан астам адам қатысты.
-Баршаңызға мәлім, биылғы 12 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Мемлекет басшысының стратегиялық сипатта жазылған мақаласы жарияланып, бүкіл елімізде осы мақаладағы маңызды міндеттерді іске асыруға байланыстағы жұмыстардың жүргізіліп жатқаны белгілі. Бүгін өткелі тұрған «БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» велошеруі де осы мақалада айтылған рухани жаңғыруды іске асырудың нақты бір мысалы деп айтуымызға болады.
Осы ретте, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақаласында төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына байланысты айтылған: «Әрбір халықтың баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол елдің әрбір азаматы біледі. Біз — ұлан — ғайыр жері бар және рухани тарихы бай елміз. Ұлы Даланың кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Туған жердің әрбір тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді»-деген сөздеріне сіздердің назарларыңызды аударғым келеді.
Бүгінгі велошеру осы міндетті жүзеге асырудың бір жолы деп санаймын. Бұл велошеру «Мәңгілік ел» идеясы аясында Ұлы Даланың тарихын, соның ішінде бұдан 291 жыл бұрын барша қазақтың басын қосқан Ордабасы тауындағы тарихи жиынды насихаттайтын маңызды іс-шара,-деді облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов велошерудің ашылу салтанатында.
Еске сала кетейік, осыған дейін де Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының бастамасымен 2015 жылдың тамыз айында ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай «БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» атты велошеру ұйымдастырып, облыстық соттың алдындағы «Үш би» ескерткішінің жанынан бастап, Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументіне дейін барған еді. Былтыр қыркүйек айында облыс әкімдігі мен мәслихатының қолдауымен облыстағы биліктің үш тармағы болып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» атты велошеру қаладағы Бәйдібек би ескерткіші алаңынан басталып, Ордабасы тауында аяқталған еді.
«Ордабасы» алаңынан басталған велошеру араға төрт сағат салып өз мәресіне жетті.