Мамырдың 13-14 күндері Елордасы Астана қаласында «Экспо» -2017» Халықаралық көрмесіне арналған Оңтүстік Қазақстан облысы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтпек. Осыған орай өңірімізден 262 тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнімдері Елорда тұрғындарына жеңілдетілген бағада саудаланатын болады. Осы орайда, Шуақты Оңтүстіктен – Арайлы Астанаға бет алған керуен бүгін жолға шықты. Облыстың әрбір аудан қалаларынан биылғы жәрмеңкеге жалпы құны 136 млн тенгені құрайтын ауыл шаруашылық өнімдері жеткізілмек. Ал, бұл шараға көптеген шаруа қожалықтары үлес қосып, нәтижесінде 40 тонна ет өнімдері 177 тонна көкөніс, 3 тонна балық, тағы да басқа азық-түлік өнімдері жөнелтіліп отыр. Осылайша жолға шыққан керуенді облыстық ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері мен аудан қалалардағы салалық бөлім басшылары бастап бара жатыр. Айта кету керек «Экспо» -2017» Халықаралық көрмесі аясында өңірде өндірілетін ауыл шаруашылық тауарларының жәрмеңкесін биыл бірнеше мәрте ұйымдастыру жоспарлануда.
Абай Омар