Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласына аттанып ортақ отанымызды қорғау жолында опат болған жерлесіміз Пірәлі Ахмамбековтің сүйегі бүгін таңертең Мәскеу қаласынан туған жерге жеткізілді. Яғни соғыста шейіт болған майдангеріміздің сүйегін елге алып қайту мақсатында 1 мамыр күні Ресей Федерациясының Курск облысы Поныри ауданына аттанған Оңтүстік Қазақстандық делегаттар бүгін таңертеңі 6 лар шамасында «Скат» әуе компаниясының рейсімен Шымкент қаласына келіп жетті. Айта кету керек осы бір маңызды іске ұйытқы болып жауынгеріміздің сүйегін елге жеткізу бастамасына «Айғақ» медиа басшысы, облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш жетекшілік жасаған болатын. Сонымен бірге жерлесіміздің сүйегін елге әкелуге Сайрам ауданындағы Шапырашты ауылында ұзақ жылдар қызмет атқарған ардагер ұстаз Мұхтар Ұзақов пен аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев және арнамыздың түсірілім тобы да барып қайтты. Осылайша Ұлы жеңістің 72 жылдық мерекесі қарсаңында маңызы зор шараны жүзеге асырған топ таңертең Шымкент қаласына келіп жетті. Ал оларды арнайы қарсы алған ішкі саясат басқармасының мамандары мен ОҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери құрамы туған жерге жеткізілген майдангер сүйегін әскери тәртіппен әуежай аймағынан алып шықты. Осылайша ҰОС – да хабар ошарсыз кеткен майдангеріміз Сайрам ауданы Шапырашты ауылының тумасы Пірәлі Ахмамбековтің сүйегі туған жерге жерленетін болады.
Ұзақ жылдар бойы жат жерде белгісіз қалған қазақ жауынгерінің сүйегі қайта жерленбес бұрын, мұсылмандық парыз бойынша, мешітте құран оқылып, дұға жасалынды. Мұнан кейінгі шара Даңқт мемориалында жалғасты. Қаралы митингіде Сайрамның тумасы, сұм соғыста ерлік көрсеткен Пірәлі Ахмамбековты Оңтүстік жұртшылығы бір минут үнсіздікпен еске алып, батырға деген құрметін көрсетті.
Ұлдархан Уәлиханқызы