Бүгін сағат 10-00-де Шымкент қаласындағы Даңқ мемориалында қаралы митинг өтеді. Осыдан 3 ай бұрын Ресейдегі іздестіру тобының іздеу жұмыстарының нәтижесінде Курск облысы, Поныри ауданынан Оңтүстікқазақстандық жауынгердің сүйегін табылғандығы белгілі болған еді. Журналисттік зерттеудің нәтижесінде, белгісіз солдаттың Сайрам ауданы, Шапырашты ауылының тұрғыны Пірәлі Ахмамбеков екендігі анықталды.
Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың бастамасымен құрылған арнайы делегация мамырдың 1-5 аралығында қажырлы жұмыстардың арқасында РФ, Курск облысында болып, жауынгер атамыздың сүйегін елге жеткізді.
Отты жылдары кеудесін оққа тосып, туған жерді қорғаймын деп жат жұртта жер жастанған бабамыздың ерлігіне құрмет ретінде ұйымдастырылып отырған қаралы митингке Облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов пен өңір ардагерлері, жастар және де С.Рахымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернатының курсанттары, БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде.