«Үш жүздің басын қосқан» Ұлытау өңірі — қазақ ұлты үшін қасиетті мекен. Тарихы терең, табиғаты тамаша жерді көргісі келетіндердің саны жыл сайын артып келеді. Осынау әзірге қаймағы бұзылмаған табиғат пен дүниежүзілік маңызы бар ескерткіштерді сақтап қалу мақсатында өңірде ұлттық парк ашу көзделіп отыр, деп жазады Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі.
Ұлытау ұлықтауға тұрарлық қастерлі мекен екендігі даусыз. Мұнда сан ғасырлық тарихты өн бойына жинап жатқан сегіз жүзге тарта тарихи ескерткіш бар. Әлемге әйгілі Шыңғысханның ұлы Жошы ханның, қазақтардың арғы бабасы, Алаш ордасының билеушісі Алаш ханның, Алтын Орда ханы Тоқтамыстың мазарлары көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны анық. Географиялық-ботаникалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының анықтауы бойынша, өңірде мыңға жуық өсімдік түрі болса, оның тоқсаны емдік қасиетке ие. Ұлытаудың сыңсыған орман-тоғайлары мен сайын даласында жан-жануарлар мен құстардың көптеген түрі мекен етеді. Ұлытаудың тұмса табиғатын тамашалап, тарихи ескерткіштерін көзіме көргісі келетіндер қатары көбейіп келеді. Сондықтан да, Ұлытаудың қайталанбас табиғаты мен тарихи маңызды ескерткіштерін қорғау мақсатында өңірді ерекше қорғалатын аумаққа айналдыру көзделген.
«Қарағандының Ұлытау ауданында мемлекеттік ұлттық парк құру жоспары 2014 жылдан бері қолға алынып келеді. Бұл ұзақ әрі күрделі процесс. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөніндегі» заңға сәйкес ұлттық парктер ашудың өзіндік ережелері бар. Ең бірінші ұлттық парк ашу жоспарланған аймақтың техникалық, экономикалық, биологиялық сараптамасы жасалады, соның негізінде жер комитетімен келісіліп, белгіленген аумақ бөлінеді. Осы жұмыстар біткеннен кейін барлық құжат «Орман қорғау және жануарлар әлемі» комитетіне жолданып, үкіметте шешім қабылданады. Қазіргі уақытта біз осы соңғы кезеңде тұрмыз. Үкіметтің ұлттық парк ашу туралы шешімін күтудеміз», — дейді Қарағанды облысының орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы Жанайым Әбеуова.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысының аумағында екі мемлекеттік ұлттық парк орналасқан. Оның бірі Қарқаралы тауларын қамтыса, екіншісі Ақмола мен Қарағанды облыстарының аумағында орналасқан Бұйратау ұлттық паркі. Үкімет шешімінен кейін Қарағанды облысында ерекше қорғалатын аймаққа Ұлытау өңірі де кіретін болады.
«Ұлытау табиғаты ерекше жер. Тарихи ескеркіштер көп, флорасы мен фаунасы өте бай. Болашақта осы өңірдің ерекшеліктерін көруге келетін туристер көп болады деп күтіледі. Сондықтанда, Ұлытаудың табиғаты мен тарихи ескерткіштерін осы қалпында сақтап қалу үшін аймақты ерекше қорғалатын тарихи аумаққа айналдыру көзделіп отыр», — дейді Жанайым Әбеуова.
Дереккөз: Baq.kz