Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысына ҚР Президенті Н.Назарбаев жұмыс сапарымен келді. Қазыналы аймаққа жасаған сапар кезінде Елбасы Шымкент қаласындағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументінің ашылу салтанатына қатысты.
Қазақстан Халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында шымылдығы түрілген нысан құрылысы өңірдегі 20 этномәден бірлестіктің бастамасымен бой тіктеді. Биіктігі 7,5 метрді құрайтын тарихи нысан облыстағы түрлі ұлт өкілдерінің қаржылай қолдауымен дүниеге келген. Яғни, кезінде солақай саясаттың салдарынан атақонысын тастап, Қазақстанға қоныс аударған этностардың бүгінде өсіп-өнген ұрпақтарының бауырмал қазақ еліне деген кіршіксіз ризалығы, шынайы алғысының символы, ұлтымызға деген зор құрметінің белгісі.
Міне, осындай бірлігі мен ынтымағы жарасқан өлкедегі келелі істерге риза болған Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі бірлікте екендігін ерекше атап өтті. Ұлттар мен ұлыстардың арасындағы мызғымас достық, ғасырларға жалғасқан сыйластық секілді басты байлықтарымызды сақтап қалуда бірлесе, иық тірестіре жұмыс жасауға шақырды.
Қазақстан халқының 16 пайызын ОҚО-ның тұрғындары құрайтындығын ерекше атап өткен Елбасы алдағы күзде Шымкент қаласы «миллионды шаһар» атанғандығын ресми мәлімдейтіндігін жеткізді. Бұл жаңалық монумет алдына жиналған жамағатқа ерекше қуаныш сыйлады.
Емін-жарқын жүздесуден кейін Мемлекет басшысы «Қазақстан Халқы Ассамблеясының» ғимаратын аралап көрді. Өткен жылы облыс бюджеті есебінін қайта құрылымдаудан өткен еңселі ғимарат 3 қабаттан тұрады.
Көзі көз тартар «Достық» үйінде «Қоғамдық келісім» мекемесі мен өңірдегі 20 этномәдени бірлестіктің кеңселері орын тепкен Түрлі мәдени шаралар өткізу үшін 800 орынға арналған көрермен залы да бар. Сонымен қатар, түрлі үйірмелер мен жексенбілік мектептердің де жүйелі жұмыс жасауына мол мүмкіндік қарастырылған.
Эльвира Ортаева