Қазақстан халқы Ассамблеясы — еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің шежіресі. Бүгін Елбасы ұйымның Астанада өткен XXV сессиясында осылай деді. Және қиын қыстау кезеңде береке-бірліктің бастауы болған Ассамблея өзіне жүктелген міндетті жоғары дәрежеде орындап келе жатқанын айрықша атап өтті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің либерал үлгісіне тоқталды. «Либерализм де өзгеріске ұшырап жатыр. Онда болып жатқанның барлығы бізге сәйкес келмейді. Барлығы халықтың мүддесіне, біздің салт-дәстүрімізге, тарихымызға сәйкес болуы тиіс. Осының барлығын өткеру керек. Бұл біз өмір сүріп жатқан ғаламдық шындық. Бұдан қашып құтылу мүмкін емес», — деді Президент. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев адамдарды ұлттарға бөлінбеуге шақырды. «Барлық әлемнің есі шығып кетті — кімнің қаны қандай. Барлығымыздың қанымыз бір, «Мауглидегідей», естеріңізде ме? Барлығымыз бір әке мен бір анадан — бір қаннан туғанбыз деп ойлауымыз керек», — деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы ассамблеясының XXV сессиясы өтіп жатыр. Күн тәртібінде: «Тұрақтылық, бірлік, келісім — жаңғырту негізі». Cессияға барлық өңірдегі ассамблея ардагерлері мен мүшелері, республикалық және өңірлік этно-мәдени қауымдастықтардың төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың басшылары, саяси партиялардың мүшелері, діни ұйымдардың өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысып жатыр. Сондай-ақ, Назарбаев осыған дейін қоғамдық сана қалай өзгеретінін айтып берген болатын.
Tengrinews.kz