Қарағандылық табиғат қорғау прокурорлары мемлекет қазынасына жарты миллиард теңгеге жуық табыс түсірді. Олар экологиялық заңнаманы өрескел бұзған бірнеше компанияға айыппұл салған. Мәселен, қорғасын-мырыш кенін өндіру және байытумен айналысатын «Nova Цинк» компаниясы өздерінен шыққан өндірістік қалдықтарды заңсыз төккен. Соның салдарынан олар табиғатқа 150 млн теңге көлемінде залал келтірген. Ал Жезқазғандағы «Kazakhmys Energy» компаниясына тиесілі Жылу электр орталығы Кеңгір су қоймасына рұқсатсыз қалдық тастапты. Сарапшылар судағы мұнай өнімі көлемінің шамадан тыс артып кеткенін анықтады. Олар қоршаған ортаға 60 млн теңгеге жуық шығын келтірген. Талғат Мұқашев, Қарағанды облыстық мамандандырылған таиғат қорғау прокуроры: — Қабылданған шаралардың нәтижесінде «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-не салынған әкімшілік айыппұл мен табиғатқа келтірген шығынның көлемі 86 млн теңгеге жетті. Жалпы табиғат қорғау прокурорлары осындай заңбұзушылықтарға байланысты экологиялық заңнамаға ерекше көңіл бөледі. Тынымсыз атқарылған еңбектің нәтижесінде ел қазынасына 424 млн теңге пайда түсті.
www.24.kz