ОҚО әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов «Емханаға тіркел де МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» акциясы аясында Шымкент қалалық №3 емханаға барып тіркеліп, мәртебесін анықтады.
Б.Жамалов алдымен Шымкент қалалық №3 емханасын тыныс-тіршілігімен танысты. Үш қабатты ғимаратты түгел аралап көрген соң тұрғындармен қатар кезекке тұрып, емханаға тіркелді.
– Бұған дейін мен Алматы қаласында тұрғанмын. Қазір қызмет барысымен Шымкентке қоныс аударуыма байланысты осы емханаға тіркелдім. Еш қиындығы жоқ, өздеріңіз көргендей барлық жағдай жасалған. Елімізде келер жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң күшіне ене бастайды. Соған байланысты әрбір қазақстандықтың мәртебесін анықтау маңызды. Сол мақсатта елімізде 5 сәуірден бастап, «Емханаға тіркел де МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» акциясы жүріп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, оңтүстікқазақстандықтарды 31 маусымға дейін емханаларына барып тіркеліп, мәртебелерін анықтауға шақырамын, – деді облыс басшысының денсаулық сақтау саласы бойынша орынбасары.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі