2017 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірістері жоспарланған көрсеткіштерден асты.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кезекті отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Б. Сұлтанов бюджеттің барлық деңгейінде мемлекеттік бюджет кірістері асыра орындалғанын хабарлады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда олардың өсімі 116%-ды құрады. Мемлекеттік бюджет кірістері есептік кезеңде жоспарға 113%-ға, оның ішінде республикалық кірістер — 105%-ға, жергілікті бюджеттер — 134%-ға асыра орындалды. Республикалық бюджетке 1 157 млрд. теңге сомаға кіріс түсті. Бұл жоспардан 52 млрд. теңгеге көп, ал өткен жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 137 млрд. теңгеге артық. Асыра орындау импорт көлемінің 25%-ға артуы, металл бағаларының өсуінен және тауарларды (жұмыстар, қызмет көрсетулер) өткізуден түскен айналымдар есебінен орын алды.
«Мемлекеттік бюджет шығындары 97%-ға орындалды. Республикалық бюджет бойынша игеру 98%-ды құрады, бұл жергілікті бюджеттерге қарағанда жақсырақ. Өңірлік бюджеттер 97%-ға атқарылды. Республикалық бюджет шығындары 2 065 млрд. теңгені құрады», — деп атап өтті Б. Сұлтанов.
Қаржы министрінің айтуынша, мақсатты трансферттердің жылдық сомасы 997,5 млрд. теңгені құрайды. Есептік кезеңде 218,7 млрд. теңге бөлінген. Жергілікті атқарушы органдармен олардың 96% пайдаланылды.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2017 жылға 477,1 млрд. теңге қарастырылған: бюджет арқылы – 319,9 млрд. теңге және «Бәйтерек» Холдингі арқылы — 157,2 млрд. теңге.
«Мемлекеттік бағдарламаның бюджеттік бөлігі бойынша 16,3 млрд. теңге, немесе 99,7% игерілді. 146,2 млрд. теңгеге, немесе жылдық жоспардың 46%-на келісімшарттар жасалды», — деп баяндады Б. Сұлтанов.
Еске салсақ, бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында «2017 жылғы 1 тоқсандағы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылуы қорытындылары туралы» мәселе қаралды.