Қытай инвесторлары «AllurGroup» компаниясының 51 процент акциясын сатып алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәминнің қатысуымен СМС Қытай мемлекеттік компаниясы «AllurGroup» қазақстандық өндірушінің капиталына кіру туралы және қарапайым акцияларының 51 процентін сатып алу туралы нобайлы келісімге қол қойылды.
Стратегиялық құжатқа СМС президенті Wang Xusheng мен «AllurGroup» акционері әрі директорлар кеңесінің мүшесі Юрий Цхай қол қойды.
Тараптардың айтуынша, капиталға кіру арқылы жаңа форматта стратегиялық ынтымақтастықты нығайту жоспарланған барлық жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
СМС өндірістік серіктесі атап өткеніндей, «AllurGroup» компаниясы инвестициялар үшін тартымды кәсіпорын болып отыр және Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытуда жоғары әлеуетке ие.
Қазақстандық тараптың сөзінше, бұл серіктестік кәсіпорынның жаңа даму деңгейіне жоғарылауына мүмкіндік береді. Қостанай зауыты жаңа технологияларды енгізуге құлықты.
«Бастапқы кезеңде біз көлік құрастыру барысында тек оны жинаумен айналысатын едік, кейін дәнекерлеу және бояу жұмыстарын өзіміз атқаратын болдық. Енді көлік шығаруда одан да терең деңгейге өтуіміз керек, яғни көлік бөлшектерін өзіміз, өз жерімізде шығаруымыз тиіс. Мұнда технологиялар бойынша біраз қиындықтар бар. Сондықтан біз қытайлық компанияның көмегін сұрап отырмыз. Меніңше, осы құраммен біз отандық көліктерді экспортқа шығару бойынша жұмысты жеделдете аламыз. Келесі кезең – технологиялар мен қаржы. Осының барлығы Қытай тарапынан болады», – деп атап өтті тілшілерге берген сұхбатында Цхай.
Келісім сомасы туралы нақты шешім мен стратегиялық жоспар екі айдан соң анықталады. Қытайлық компания капиталға жыл соңына дейін енуі тиіс. Осы кезеңнің өзінде қытайлық инвесторлар Орталық Азия елдерін, Ресей, Беларусь нарықтарын жаулап алуды көздеп отыр.
Цхайдың сөзінше, компанияда жұмыс істейтін қызметкерлердің 90 процентін қазақстандық азаматтар құрамақ, қытайлықтар тек топ-менеджерлік лауазымдарға келуі мүмкін.
Тілшілердің сауалына жауап берген Юрий Цхай мырза компанияда басқа шара қалмағанын жасырған жоқ.
«Біз «АзияАвтомен» бірге бірігу жолдарын іздестірдік, алайда келісе алмадық. Жапондықтармен келіссөздер жүргізілді, олар біздің зауытта көлік шығаруға келісті, алайда үлестік қатысудан бас тартты. «Peugeot» компаниясы да көлік шығарып, нарықта сатуға келісті, бірақ капиталға кіре алмайтындықтарын айтты. Шынын айтайын сіздерге, біздің қаржылық жағдай өте нашар, нарықта ақша жоқ, сатылым 3,5 есе түсіп кетті. Сондықтан біз серіктес іздедік. Қытайлықтармен бірігу туралы шешім Үкіметпен келісілген», – деп толықтырды ол.
Цхай қытайлық көліктердің сапасы әлемдік нарықта соншалықты бағалана бермейтіндігімен келісті. Дегенмен ҚХР жыл сайын 27 миллион көлік шығарады.
«Осы бағытта олар қатты озып кеткен. Біздің өзіміз қымбат емес сегментке, орташа сегментке иек артып отырмыз. Сондықтан олардың тәжірибесін, білімдерін және қаржысын пайдалануымыз қажет. Егер барлығынан бас тартсақ, ондаған жылдарға артта қаламыз», – деп түйді сөзін Цхай.
Дереккөз: naryk.kz