АСТАНА. ҚазАқпарат — Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов алғашқы үш айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, өткен айда екінші деңгейдегі банктердің отандық экономиканы несиелендіру көлемі 1,4 пайызға төмендеп, 12,3 трлн. теңгені құрады.
«Оған валюталық кредиттердің азаюы әсер етті. Алайда теңгемен берілген несиелер тура 5 пайызға өсті. Осы орайда шағын кәсіпкерлер алған кредиттердің 28,7 пайызға ұлғайғанын атап өткен жөн», — дейді Сүлейменов.
Бұдан бөлек, өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда, биыл депозиттердің көлемі 5,3 пайызға өсіп, 17 трлн. теңгені құрады. Соның ішінде 8,3 трлн. теңге ұлттық валютада сақталып отыр. Аталған депозиттер 1,5 есеге ұлғайды.
«Сондай-ақ инфляцияның бәсеңдеуі байқалады. Үш айда оның көлемі 2,3 пайызды құрады. Өткен жылы аталған көрсеткіш 3 пайыз болған. Жылдық көлемі 7,7 пайыз болса, 6-8 пайыз аралығында қалады деген болжам бар», — деп атап көрсетті министр.
Дереккөз: kazinform.kz