Оңтүстікте «ЭКСПО — 2017» көрмесіне дайындық жұмыстары басталып кетті. Іс — шараға байланысты брифингте облыстық ауыл шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, кәсіпкерлік, туризм саласының мамандары жұмыстарды саралап берді. Жалпы көрмеге дайындық 6 — бағытта жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде өңір тұрғындарының көрмеге қатысуын ұйымдастыру, көлікпен қамтамасыз ету, туристік маршруттарды әзірлеу, еріктілерді даярлау сынды тірліктер бар. Бүгінде оңтүстік көрмені ілгерілету бойынша көш басында. Көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында теміржол құрамдары, әуе рейстері, автобус қатынастары ұлғайтылмақ. Көрмеге орыс және ағылшын тілдерін меңгерген 150 ерікті іріктеліпті. Сондай-ақ, Астана қаласы мен Ақмола облысының ауыл шаруашылығы өнімдеріне қажеттілігін ескере отырып, көрме кезеңіне 37 – ірі және орта тауар өндірушілер өңірден өнімнің 28 — түрін тасымалдайды.
Жомарт Бегімбетов