Келесі жылдан бастап, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетін болады. Елбасы осы реформаны алдымен халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берген болатын. Қостанайға іскерлік сапармен келген Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу және оған дайындық, ұйымдастыру жұмыстарын түсіндіруді мақсат етіп қойды.
Аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстағы денсаулық сақтау саласы қызметкерлері, жекеменшік медициналық ұйымдар басшылары қатысқан кездесуде облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев алдымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі облыстық штабтың құрылғандығынан, оған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жетекшілік ететінінен хабардар етті. Осындай штабтар сәйкесінше аудандар мен қалаларда да құрылды. Өткен жылы облыста барлығы 900 кездесу өткізіліп, оған 20 мыңдай адам қатысты, 400-ден аса ұйымдар мен кәсіпорынды қамтыды. Биыл жыл басынан бері 130 кездесуге 5 мыңнан аса адам қатысты.
Кездесуде Алексей Цой міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасының жалпы міндеттері мен мақсаттарына, оның енгізу сатылары мен заңдық негіздеріне тоқталды. Сонымен қатар, медицина және денсаулық сақтау саласында осы реформаны жүзеге асыру барысында жергілікті атқару органдары мен медицина саласының атқарар міндеттері мен бірлесіп істейтін жұмыстарын да атады.
Мұнан кейін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүніс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің нақты механизмдеріне тоқталды.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу барысында құжаттарды барынша қысқарту біздің бүгінгі мақсатымыздың ең бастысы болып табылады.Түрлі ведомстволар мен ұйымдардан, мекемелерден рұқсат беретін түрлі құжаттарды барынша азайтып, қарапайымдандыру керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің құжаттар пакеті өте жұқа болуы тиіс, −деді Ерік Әбенұлы.
Алексей Цой мен Ерік Байжүніс кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Дереккөз: Egemen.kz