Мерейлі шағында қапияда қаза болған жерлесіміз жастайынан өлең дейтін құпия әлемге ғашық болды. Өмірден көргені мен түйгенін өз шығармашылығымен ұштастыра білген ақын түркі әлеміне танылып, Физули атындағы халықаралық сыйлықты иеленді. Облысымыздың әдеби өмірінде өзінің айрықша қолтаңбасын қалдырған ақынды Облыстық жасөспірімдер кітапханасында оқырмандары еске алды.
Әбілдасыз өткен 3 жыл… Сырғып өткен уақытты қалай сараласақ та, Әбілда ақынның артында орындалмаған талай арман, мақсат қалды. Енді ғана қанат жайып келе жатқан шәкірттері, жас ақындар қалды. Еске алу кешінде алғаш болып сөз алған ақын Нармахан Белгалы: «Жасы үлкен адамға, кіші туралы естелік айтудың өте қиын» екендігін тебірене айтты.
Әбілда ақын – сезімінің жаршысы. Жүректен шыққан туындылары Фариза Оңғарсынова, Сырбай Мәуленов, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбай сынды талай қазақтың маңдай алды дүлдүлдерін де таңдандырды. Ақын шығармашылығы жөнінен өз пікірлерін білдіріп, жоғары бағалады. Бүгінгі әдеби кеште ақын шығармашалығындағы сол шоқтығы биік туындыларды студенттер жан жүрегімен орындады. Бұл да болса, Әбілда ақынның өлмегіндігің, өшпегендігінің дәлелі.
Әбілда талантымен Әбілда… Өлеңді жай ғана құрап қоймай, шынайылық арқылы суреттей білген шайырдың тіркестері балталаса бөлгісіз. Расында жан дүниесімен беріле отырып, талай туындыны өмірге әкелген ақын қоғамдық ортада да белсенді болатын. Көзі тірісінде талай шығармашылық жандарға рухани қолдау білдіріп, қамқорлық жасады. Талай ақын болсам екен деген таланттарды қолдап, демеу көрсетті. Көптеген жауқазын жылардың да алғашқы оқырманы да Әбілда Аймақ болатын.
Туынды мәңгілік болу үшін шыныйылықпен өрнектеліп, жүректен шығуы тиіс. Осы бір қағида Әбілда Аймақ өлеңдерінде түгелдей сақталған. 100-ге тарта өлеңіне әуен жазылып, ел арасында кеңінен айтылып жүр. Атап айтқанда «Алтын бесік», «Қарлығаштар», «Шымкентім шырайлым», «Бейтаныс ару» атты әндер Әбілда ақынның жүрек жарды сөздеріне жазылған. Шайырдың «Аллаға мадақ» әнін орындаған сазгер Нышан Төлегенов те бүгін жолдасын ерекше сағынышпен еске алды.
Мына өмірде ақын болу қиын, ал адам болып қалу одан да қиын. Әбілда Аймақ өлең әлемінде ақжауын ақын ретінде, өз ортасында ақжүрек азамат ретінде өмір сүрді. Айлар мен жылдар сынаптай сырғып өткенімен, Әбілданың жырлары барда, ақын әркез оқырмандарының жадында.
Ботагөз Мәдібек