ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салу кезіндегі анықталған кемшіліктерді айтып берді.
«Төселген жол учаскелерінде анықталған кемшіліктер бойынша кейінге үлгі боларлықтай 3-4 оқиға орын алды. Оның ішінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінде бір жағдай Жамбыл облысында, ал екіншісі Оңтүстік Қазақстан облысында анықталды»,-деп тоқталды министр Мәжілістегі Үкімет сағаты барасында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап өтуінше, Жамбыл облысында жол учаскесі беткі қабатының қабыршақтануы байқалды.
«Ал екіншісінде корейлік компанияның мамандары өздері жолдағы кемшілікті анықтады. Осы орайда бетонның астындағы арматураның дұрыс қойылмағандығы белгілі болды. Компания өз тарапынан бұл кемшіліктерді түзетті. Жалпы, осы келісімшарттар бойынша кепілдемелік мерзім бар, яғни халықаралық шарттар тұрғысында 2 жыл ескерілген. Егер де екі жылдың ішінде жолда ақаулар байқалса, мердігер компания өзінің есебінен жолды қалпына келтіруі тиіс. Ол үшін біз аталған мерзімде шарттың құнынан 5 пайыздық банктік кепілдемені сақтап тұрамыз. Бұл айтарлықтай қатаң шара және осы тәжірибені халықаралық қаржылық институттар ұсынған болатын»,-деді ведомство басшысы.
Дереккөз: naryk.kz