Ақтөбе — Қазақстандағы басты төрт қаланың бірі. Осыған орай шаһар келбеті де басты назарда болуы керек. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала құрылысы кеңесінің отырысында қарамағындағыларға осылай деді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қала көркіне көңілі толмайды. Оның айтуынша, бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ тұрғын үйлер мен түрлі нысандарды салуды доғару қажет. Сондай-ақ, қызыл, сары, көк түстерден арылмаған жобаларды жасарда дұрыстап іздену керек.
«Біздің үйлердің шатырлары неге қызыл? Қызылдан басқа түс жоқ па? Салынған нысандардан еш айырмашылық көріп тұрғаным жоқ. Жобаларға жаңа дүниелерді неге енгізбейсіңдер? Ізденіс керек, ізденіс», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бұл сауалға шаһар басшысы Ілияс Испановтың жауабы дайын. Оның айтуынша, қызыл шатырлы үйлердің құрылысы аяқталып болған. Енді өзгерте алмаймыз. Дегенмен, алда салынатын тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың шатырларының түстері мен пішіндері өзгерек болады.
«Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйлер көбейеді. Батыс-3 ауданында тіпті 40 қабатты үй салынатын болады. Олардың бірінші қабаттары бөлек пайдаланылады», — дейді қала әкімі Ілияс Испанов.
Ал, ақтөбеліктер сүйікті қалаларында демалыс орындарының көбейгендігін қалайды. Жасыл желектер көбірек отырғызылса дейді тұрғындар.
«Жастар демалатын жерлерді көбейтуді ұсынар едім. Оған қоса, Еуропадағыдай бір-біріне ұқсамайтын жаңа үйлерді көргім келеді қаламнан. Талдар отырғызылса. Сары, көк түсті ғимараттар көп бізде. Тұрғын үйлер болсын, өзге нысандар болсын толып жатыр»,- дейді қала тұрғыны Асқар Әкімбаев.
Тыңдар құлақ болса ұсыныс көп. Осылай деген тұрғындар қаладағы жаяу жүргіншілер жолын тарылтып, бейберекет салынған қоршауларды алып тастауды сұрайды. Алда бұл қоршауларға қатысты мамандар арнайы ереже жасап, облыстық мәслихатта бекітілуі мүмкін. Ал, Ақтөбе қаласы құрылысы кеңесінде жыл басынан бері 94 жоба қарастырылған. Дені көп қабатты тұрғын үйлер, бизнес пен білім нысандары. Олардың 24-і өңдеуге жіберілген. Бесеуі салынатын жерлерінің ауыстырылуына байланысты тоқтатылған.
Дереккөз: Baq.kz